Астана әуежайы жолаушыларға ыңғайлы болу үшін 14 маусымнан бастап жұмыс регламентін ұзартады. Жыл соңына дейін енгізілген техникалық үзілісті қысқартады.
«Авиатасымалдаушылар тарапының өтінішіне сәйкес әуежай жұмысына жауапты компанияның техникалық мамандары әуеайлақтағы жөндеу жұмыстары процесін оңтайландыруда», – делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.
Министрлік ақпаратына сүйенсек, жазда әуе тасымалдары жоғары сұранысқа ие болғандықтан, 14 маусымнан бастап жолаушылардың ыңғайы үшін әуежай жұмысының регламенті күнделікті технологиялық үзіліспен (23:00-ден 00:30-ға дейін) ұзартылады.
Бұл уақытта әуежай ұшу-қону жолағының жұмысын қамтамасыз етеді. Жөндеу жұмыстары кейіннен ұшу-қону жолағына ауыса отырып, әуеайлақ жабындарының басқа учаскелерінде жалғасады.
«Қазір магистральдық такси жолында жұмыстар жүргізілуде. Бұл әуежайдың жұмысына кедергі келтірмейді. Авиатасымалдарға сұранысты қанағаттандыру мақсатында авиакомпаниялар ішкі тасымалдаулар бойынша кестені жедел қайта қарайды. Жоғары сұранысқа ие бағыттар бойынша қосымша рейстерді қамтамасыз етеді», – делінген ақпаратта.
Ұшу-қону жолағында жөндеу жұмыстары басталуына байланысты, Астана әуежайы 1 мамырдан түнгі рейстерді қабылдауды тоқтатқан.