Қазақстанда судьялық қызметке іріктеу байқауының талаптары жеңілдеуі мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Судья болу үшін конкурс талаптары жеңілдеуі мүмкін / shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстанда судья болу үшін конкурс талаптары жеңілдеуі мүмкін. Бұл туралы Парламент қос палатасының отырысынан кейін, журналистер сұрағына жауап берген депутат Абзал Құспан айтты.

Депутаттың сөзінше, жауапкершілікпен қоса, судья болуға конкурс талаптары өте жоғары. Алайда маман жетіспеуіне байланысты конкурс талаптары жеңілдейтінін айтты. 

«Қайта-қайта конкурс өткізе бергеннен гөрі сот төрелігі академиясын бітірген түлектерді Жоғарғы сот кеңесінің ұсынысымен тікелей тағайындауды енгізіп отырмыз. Бұл амалсыздан барып отырған шарамыз», – деді депутат.

Абзал Құспан көптеген ауылдық жерлерде, шалғай аудандарды судья жетіспейтінін айтады. Себебі қарапайым судья болуға мүдделі адамдар өте аз. 

«Қарапайым судьялардың жұмысының қаншалықты ауыр екенін көп адам біле бермейді. Штат құрамы жеткілікті болмаса, бір судьяның жұмысы екінші судьяның мойнына жүктеледі», -деді депутат. 

Бұдан бөлек, мәжілісмен судьялардың материалдық, техникалық қамтамасыз ету жағы мәз емес екендігін атап өтті. 

«Мысалы, жекелеген позициялармен алып қарайтын болсақ, сыбайлас жемқорлық агенттігінің қызметкерімен қарапайым судьяның қызметкерінің жалақысында кәдімгідей айырмашылық бар. Сондай-ақ ол соттардың пайдасына емес», – деді Абзал Құспан. 

Сонымен қатар депутат 14 маусымда Парламент қабылдаған «Сот қызметіне қатысты» заң жобасының басты артықшылығын атап өтті. Оның сөзінше, Астанада қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істерге жеке-жеке кассациялық сот құрылады.

«Бұрын кассациялық инстанция Жоғарғы соттың жанындағы кассациялық сот алқасы болса, енді кассациялық сот құрып жатырмыз. Жергілікті жерде бірінші сатыдағы қалалық немесе аудандық сот үкіміне риза болмаған тараптар апелляцияға барады. Қазіргі практикада апелляциядан кейін кассацияға келген кезде бір ғана судья отырады, тараптарды шақырмайды. Жарты бет қаулы шығарады да, «кассациялық алқаға беруге негіз жоқ» деп қайтарып тастайды. Біз осыны алып тастап, кассациялық сот құрып, тараптар келіп өздерінің негіздерін айта алады. Сот шешімдерінің заңдылығын жоғарғы сотта қайта қарастырудың мүмкіндік болады», – деді депутат.

14 маусымда қаралған заң жобасына байланысты судьялардың сыртқы және ішкі тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасы үшін парламентте арнайы комиссия құрылатын болады.

Сондай-ақ оқыңыз