Жаңалықтар

Бағалы металдарға мемлекет кепілдік бермейді – ҚДКБҚ

Банкте сақталатын бағалы металдарға мемлекет кепілдік бермейді / Фото: Kursiv.Media

Банк лицензиясынан айырылған жағдайда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры асыл металдарға кепілдік бермейді. Бұл туралы қор хабарлады.

«Бүгінде қазақстандықтардың көпшілігі алтынды инвестиция үшін маңызды қаржы құралы деп есептейді. Сондықтан пәтер, валюта, сондай-ақ акциялар сатып алумен қатар асыл металдар да сұранысқа ие. Оны шашыранды күйінде, монета, құймалар немесе әшекейлер түрінде сатып алады. Мұндай қымбат заттарды иелері көптеп сақтағылары әрі сенімді қорғағылары келеді. Асыл металдарды сақтандыруға немесе әрине, үйде жасыруға болады. Ал кейбіреулер оларды банктердің ұяшықтарында сақтағанды жөн санайды. Банк лицензиясынан айырылған жағдайда оған кепілдік берілмейді», – дейді ҚДКБҚ.

Нақты айтар болсақ, ҚДКБҚ кепілдіктері мынадай қаржы құралдарына қолданылмайды:

• жеке тұлғалардың металл шоттары;
• банктің ұяшықтарында орналастырылған ақшалар мен құнды заттар;
• депозиттік сертификаттар;
• заңды тұлғалардың депозиттері;
• ислам банктерінде, олардың ішінде Қазақстан аумағында ашылған шетелдік ислам банктерінің филиалдарында орналастырылған депозиттер.

Еске сала кетейік, ислам банктерін қоспағанда, қазақстандық банктердің барлығында жеке тұлғалар банк шоты немесе банк салымы шартын жасасқан сәттен бастап, ҚДКБҚ қорғауына алынады. Егер банк лизензиясынан айырылған жағдайда салымшыларға кепілдік берілген максималды сомалар шегінде өтем төленеді.

Бұған дейін Таяу Шығыстағы белгісіздіктің себебімен алтынның бағасы жаңа рекордтық деңгейге шыққаны туралы хабарладық.