Мамырда ақылы қызметтер бағасы 13,9% қымбаттады – Ұлттық банк

Жарияланды (жаңартылды )
Мамырда ел бойынша айлық инфляция 0,4%-ға өсті / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мамырда елде жылдық инфляция баяулап, 8,5%-ды құрады (сәуірде – 8,7%). 16 өңірде бәсеңдеген жылдық инфляция 1 өңірде жеделдеп, үшеуінде өзгеріссіз қалды. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.

Жылдық инфляцияның ең жоғарғы мәні Қарағанды облысы мен Астана қаласында тіркелді.

Мамырда азық-түлік тауарларының бағасы 5,5%-ға дейін баяулады (сәуірде – 6,3%). Осы топтағы тауарлар бағасының максималды өсімі Алматы қаласында (8,3%), минималды өсім Түркістан облысында (3,4%) тіркелді.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны 7,6% болып, бұрынғы деңгейде сақталды (сәуірде – 7,6%). Ең жоғарғы мән Маңғыстау облысында (14,2%), төменгі мән Алматы облысында (5,5%) тіркелді.

Мамырда ақылы көрсетілетін қызмет бағасы 13,9%-ға дейін жеделдеді (сәуірде – 13,5%). Сонымен қатар Қарағанды облысында (18,0%) баға жалпы республикалық деңгейден біршама жоғары, Ұлытау облысында (8,3%) айтарлықтай төмен өсті.

Мамырда ел бойынша айлық инфляция 0,4%-ға өсті. Бұл – тарихи орташа мәннен төмен (2017-2021 жылдардағы мамырда – 0,5%).

Еске сала кетсек, наурызда Қазақстанда айлық инфляция 1,1%-дан 0,7%-ға дейін төмендеді. Ақылы қызметтер бағасы бір жылда 13,2% (2024 жылғы ақпанда – 12,8%), азық-түлік емес тауарлар – 8,2% (2024 жылғы ақпанда – 8,5%), азық-түлік тауарлар бағасы – 6,9% өсті (2024 жылғы ақпанда – 7,4%).

Сондай-ақ оқыңыз