Қазақстанның теміржол саласы тиімді әрі бәсекеге қабілетті бола түсуі үшін шұғыл реформалар қажет. Бұл туралы Halyk Finance талдау орталығының сарапшысы Санжар Қалдаров жазды.
Бұған дейін Жоғарғы аудиторлық палатасының басшысы Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) компаниясын сынға алды. ҚТЖ мемлекет тарапынан берілген қомақты инвестицияға қарамастан, қарызы ұлғайып, жоғары несиелік тәуекелге ұшырағанын айтты.
Halyk Finance сарапшылары салалық реформа 1990 жылдардың аяғында басталғанын және ол «Қазақстан темір жолын» (ҚТЖ) коммерцияландыруға және қайта құрылымдауға бағытталғанын айтады. Бірақ әлемдік қаржы дағдарысынан кейін мемлекеттің араласуы нарықтық реформалардың тоқтап қалуына әкелген.
«Мемлекет темір жол саласына толық бақылау жасайды, реттеуші, бизнес иесі, негізгі қызмет көрсетуші және әлеуметтік маңызы бар қызметтерді қаржыландыру көзі ретінде әрекет етеді», – деп жазды Halyk Finance.
Сарапшылардың пікірінше, компанияның шектеулі бюджеті теміржол саласының тозығы жеткен жағдайда да қажетті өзгерістер енгізуге мүмкіндік бермейді. Өз кезегінде, «Қазақстан темір жолының» реформалары еш өзгеріс әкелмеген.
«Темір жол тасымалы нарығын реттеуден арылту, ҚТЖ құрылымын өзгерту және ресми құжаттарда жарияланған халықаралық стандарттарға сәйкес инфрақұрылымды дамыту жоспарлары әзірге бір мемлекеттік бағдарламадан екінші мемлекеттік бағдарламаға өтуде», – дейді сарапшылар.
Басқа салалық қиындықтардың қатарында сарапшылар, әсіресе жүк тасымалдаудағы тарифтердің төмендігін атады. Олар операциялық және инвестициялық шығындарды өтемейді.
Сарапшылар мен Үкімет Қазақстандағы теміржол саласының мәселелерін шешу үшін нарықты монополиясыздандыру қажеттігін алға тартып отыр. Көлік инфрақұрылымын дамытудың 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарламасында қызмет көрсетудің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған реформалар көзделген. Алайда ол орындалмады. Жеткізу тізбегін жаһандық қайта құрылымдау жағдайында теміржол көлігінің бәсекеге қабілеттілігін жасанды түрде шектеу елдің транзиттік мүмкіндіктерін шектеуге әкелуі мүмкін.
Halyk Finance саланың тиімділігін арттыру үшін 2010 жылғы бағдарламада бекітілген мақсатты даму моделін енгізу арқылы нақты нарықтық реформаларға көшу қажеттігін атап өтеді.
Еске сала кетсек, «Қазақстан темір жолының» қарызы 2,9 трлн теңгеден асқан, оның 30%-ы шетел валютасында.