ҚНРДА банктер мен қаржы ұйымдарында биометриялық сәйкестендіру өткізу қағидаларын бекітеді

Жарияланды
Қаржы ұйымдарында биометриялық сәйкестендіру рәсімі 2 айдан кейін енгізіледі / Фото: kursiv.media

Қаржы ұйымдарында биометриялық сәйкестендіру өткізу қағидалары бекітілді. Бұл жайлы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатта жазылған.

«Жоба – биометриялық сәйкестендіруді айқындау және жүргізу үшін «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабының 5-5-тармағына және «микроқаржы қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабының 3-5-тармағына сәйкес әзірленді», – делінген құжатта.

Жобаға сәйкес, биометриялық деректерді пайдалану және қорғау қағидаттары енгізіледі. Қағидаларда бекітілген талаптар бойынша биометриялық деректер рұқсатсыз қол жеткізуден, қолданудан және жария етуден қорғалады. Биометриялық деректерді жинау, сақтау және өңдеу бойынша процестердің орындалуы арнайы құжаттамамен рәсімделеді.

Сондай-ақ биометриялық сәйкестендіру рәсімі адамның сол кездегі бет-бейнесі бойынша жүргізіледі.

Сәйкестендіру рәсімі барысында адам нұсқаулық бойынша ұсынылған қимылдарды орындамаса, жүйе бұл әрекеттерді қайталауды сұрайды. Үш ретте де сәтсіз орындалса, идентификация рәсімі орындалмайды.

Бейненің тірі адам екенін анықтау мақсатында басты оңға бұру, солға бұру, артқа шалқаю, алға еңкейту, көзді ашу және жұму, күлімсіреу сынды іс-әрекеттерді орындау ұсынылады.

«Бейненің тірі адамның бейнесі екендігін тексеру нәтижелері бойынша электрондық құжатқа бейненің тірі адамның бейнесі екендігін тексеруді жүзеге асырған биометриялық сәйкестендіру провайдерінің электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылады және биометриялық сәйкестендірудің тапсырыс берушісіне ұсынылады»,- делінген қаулыда.

Құпиялылықты сақтау мақсатында байланыс арнасын шифрланып, оған қатысты электрондық құжат биометриялық сәйкестендіруге тапсырыс берген азаматтың өзіне беріледі.

Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң, қолданысқа енгізіледі.

Еске сала кетсек, наурызда ҚНРДА Қазақстанда онлайн микронесие алу үшін биометриялық сәйкестендіруден өтуді міндеттейтіні туралы «Курсив» жазған. Енді микронесиені электронды түрде алғысы келгендер биометриялық тексерістен өтуі керек.

Клиенттің ұялы телефонының абоненттік нөміріне немесе банктік шотының деректемелеріне өзгерістер енгізу үшін де биометрия қажет. Сондай-ақ МҚҰ мен клиент арасында микрокредит беру туралы шарт жасасу, құжатқа электрондық түрде өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін де биометрия өтуге тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз