Жаңалықтар

Жамбыл облысының прокуратурасы Қырғызстанда іздеу салынған қазақстандық бизнесменнің инвест-жобасына көмектесті

Владимир Жұманбаевтың «Altynalmas Reagents» компаниясы АЭА аумағында 45 млрд теңге болатын натрий цианидін өндіретін зауыт салады / коллаж: kursiv.media;

Жамбыл облысының прокуратурасы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағын басқарушы компания» АҚ аумағындағы жер теліміне қатысты проблемаларды шешті. Солайша кәсіпкер Владимир Жұманбаевтың жобасын жүзеге асыруға келітірілген кедергілер жойылған. Бұл жайлы Жамбыл облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Жұмыс шеңберінде «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағын басқарушы компаниясы» АҚ аумағында жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар жер телімдерін тіркеу  проблемасына тап болғандығы анықталды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Атап айтқанда, АЭА әкімшілігі 2017-2018 жылдары жобалардан бас тартқан 6 инвестордың жер телімдерінің мемлекеттік актілерінің күшін ұзақ уақыттан бері жоя алмай келген. Осының салдарынан сол жерлерге қызығушылық танытып, инвестиция тартуға ниетті компаниялардың мүддесі шектелген.

Жалпы АЭА аумағында 81,77 гектар жер жүзеге асырылмаған жобаларға тиесілі болған. Нәтижесінде жұмыс істеп тұрған инвесторлар жер телімдерін беру және тіркеу мүмкіндігіне ие бола алмаған.

Прокуратураның араласуымен бұл кедергілер жойылған. Нақтырақ айтсақ, Шу аудандық прокуратурасының хатының негізінде жер кадастрын жүргізу жөніндегі уәкілетті орган осы учаскелердің мемлекеттік актілерінің күшін жойған.

«Бұл шаралар АЭА-ға өзінің аумағына толық иелік етуге және инвестиция сомасы 45 млрд теңге құрайтын натрий цианидін өндіретін зауыт салуды жоспарлап отырған «Altynalmas Reagents» ЖШС алдындағы шарттық міндеттемелерін орындауға мүмкіндік берді»,  – делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, «Altynalmas Reagents» ЖШС «Алтыналмас АК» акционерлік қоғамына тиесілі. Ал «Алтын Алмас» АҚ-ның 20% үлесіне Владимир Жұманбаев иелік етеді. Одан бөлек кәсіпкерге «Қаражыра» АҚ 20% үлесі, «Бенкала» тау-кен компаниясы, «Ronson-2000» ЖШС және «Vertex Holding» тиесілі. Ол сонымен бірге Kazakhmys Holding топ-менеджері.

Қазақстандық кәсіпкерге осыған дейін Қырғызстанда іздеу жарияланғаны жөнінде «Курсив» жазған болатын. Қырғызстанның МҰҚК мәлімдеуінше, Қазақстанның Forbes рейтингіндегі кәсіпкер Владимир Жұманбаев «бірлескен бизнес-жобаларды жүргізу үшін Қырғызстан аумағында қолдау алу үшін» сол елдің қылмыс серкесі Көлбаевпен байланыс орнатқан. Ол ай сайын қымыстық топ басшысына 1 млн сом көлемінде қаражат аударып отырған деп күдіктеледі.

Бұл оқиғадан соң, «Қазақмыс» компаниясы Kazakhmys Holding топ-менеджері, миллиардер Жұманбаевтың Қырғызстанда іздеуге жарияланғанына қатысты түсініктеме берген. Компания Қырғызстанның сотқа дейінгі тергеу органдарынан «Қазақмыс», «Алтын Алмас» және «Қаражыра» компаниялар тобының атына ресми сауалдар түспегенін, компаниялар тобы өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратынын және өз қызметкерлерінің құқығын қорғауға дайын екенін жеткізген.

Ал бүгін, 14 маусымда, Қазақстанның Бас прокуратурасы да Қырғызстанның қазақстандық миллиардерге іздеу салмағанын, бұл мәселеге қатысты Қазақстан тарапына жүгінбегенін жеткізді.

Forbes ақпаратына сүйенсек, Владимир Жұманбаев Қазақстандағы ең дәулетті адамдар тізімінде 25-орында тұр.