АҚШ-тың PepsiCo компаниясы Алматы облысында 160 млн долларға жеңіл тағам өндіретін зауыт салады

Жарияланды
Тұздалған снектер шығаратын зауыт 2026 жылы іске қосылады / Фото: Үкімет үйі

Америкалық PepsiCo компаниясы Алматы облысында тұздалған снектер шығаратын зауыт салады. Жобаға шетелдік компания 160 млн доллар инвестиция құяды. Бұл жайлы премьер-министр Олжас Бектеновтің компания өкілі Давид Манзинимен кездесуі барысынды айтылған.

«АҚШ – Қазақстанның маңызды инвестициялық серіктестерінің бірі. Қазақстан PepsiCo секілді стратегиялық инвесторлармен ұзақмерзімді ынтымақтастыққа мүдделі. Біз инвестицияларды қорғау бойынша міндеттемелерді сақтаймыз және қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Бектенов.

Компания Алматы облысында қытырлақ картоп шығаратын жеңіл тағам өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Снектер шығаратын толыққанды жаңа зауытқа 160 млн доллар көлеміндегі шетелдік жеке инвестиция бөлінген.

Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі жоба болады деп күтілуде. Зауыт 2026 жылы іске қосылады. Онда жылына 16 мың тоннаға дейін өнім шығару көзделіп отыр. Ал 2027 жылы зауыт қуаттылығы артып, жылына 21 мың тонна өнім шығаруы керек. Зауыт өнімдері Орталық Азия нарығына және одан да басқа алыс-жақын шетелге экспортталмақ..

Зауыт құрылысы жүріп жатқанда жұмысқа мыңға жуық адам тартылса, жоба іске қосылған соң, 350 жуық жұмыс орны ашылады.  

Бұлайша, өндірісті локализациялау қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің жаңа деңгейіне өтуге мүмкіндік бермек.

Сонымен бірге қазіргі уақытта шетелдік компания қазақстандық фермерлермен картоптың сынақтық партияларын жеткізуге келісімшарттар жасау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ал 2026-2030 жылдар аралығында зауыт жергілікті шаруалардан жыл сайын 50-66 мың тоннаға жуық картоп сатып алуд жоспарлап отыр.

Компания бұл жобаны қысқамерзімде іске асыруға мүдделі. Кейін PepsiCo өнімдердің басқа да көптеген түрін шығару үшін зауытты жаңғыртуға тағы да инвестиция салу мәселесі де қаралып жатыр.  

Зауыт Үкіметтің ерекше бақылауындағы басым инвестициялық жобалар пулына енгізілген. Жалпы, осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша пул 122,5 мың жұмыс орнын ашатын, 32 трлн теңгені құрайтын 704 жобадан тұрады.

PepsiCo – америкалық тамақ өнеркәсібі корпорациясы, алкогольсіз сусындар мен басқа да азық-түлік өнімдерін өндіруші. АҚШ – Қазақстанның маңызды инвестициялық серіктестерінің бірі. Соңғы екі онжылдықта америкалық бизнес Қазақстан экономикасына 53 млрд доллардан астам инвестиция салған. Қазақстанда одан бөлек Chevron, ExxonMobil, Pfizer, General Electric, Wabtec және басқа да әлемдік ірі компаниялар түрлі секторларда табысты жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз