Судьялардың сыртқы және ішкі тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасы үшін парламентте арнайы комиссия құрылды
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламенттің бірлескен отырысында мақұлданды.
Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасын екінші оқылымға дайындау үшін қос палатаның шешімімен бірлескен комиссия құрылды. Бірлескен комиссияның төрағасы болып Мәжіліс депутат Снежанна Имашева сайланды.
«Заң жобасының басты мақсаты – сот жүйесін одан әрі жетілдіру. Заңнамалық өзгерістерде судьялар корпусының кәсібилігін және олардың тәуелсіздігін, сот төрелігін іске асыру сапасын арттыруға, судьялар корпусын жаңартуға, отставкадағы судьялардың материалдық кепілдіктерін жақсартуға, тәртіптік іс жүргізуде судьялар құқықтарының кепілдіктерін бекітуге бағытталған түзетулер көзделген», – деді депутат.
Заң жобасы негізінде судья кадрларының сапасын арттыруға және олардың сыртқы және ішкі тәуелсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалмақ. Сонымен бірге жүргізіліп жатқан бұл реформалардың негізгі мақсаты азаматтардың соттарға деген сенімін және сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыруға көмектеседі деп күтілуде.
Сондай-ақ заңнамалық өзгерістер тәуелсіз және әділ сот төрелігін жүзеге асыруға, сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның жұмысын жетілдіруге жол ашады. Өзгерістерге сәйкес сот шешімін шығару барысында заңды өрескел бұзған судьяларға қатысты материалдарды Сот жюриіне жолдаудың жаңа тәртібі енгізіледі.
Заң жобасына түзетулер бұдан бөлек мынадай өзгерістерді қамтиды:
- шалғай жерде орналасқан соттардағы бос лауазымдарды Сот төрелігі академиясын аяқтаған адамдармен толтырылады;
- отставкадағы судья Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның құрамында мүше бола алады;
- «заңдылықты өрескел бұзу» ұғымы нақтыланады;
- сот ісін қарау кезінде судьяның заңдылықты өрескел бұзу фактісі бойынша тәртіптік іс жүргізуді қарау тәртібі реттеледі;
- қазір жұмыс істеп жүрген судьяларға арналған әлеуметтік және материалдық кепілдіктер беріледі.
Мұндағы шалғай өңірлерде судьялар тапшылығы жөнінде Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы Денис Шипп айттты. Оның айтуынша, Сот төрелігі академиясын аяқтаған адамдар барлығы сот қызметіне бара бермейді.
«Академияны аяқтаған түлектердің барлығы судьялардың бос орнынан жарияланған конкурсқа қатыса бермейді. Акадамия құрылғаннан бері 284 түлектің 214 ғана сот болып тағайындалды. Ал олардың оқуына мемлекеттің қаражаты жұмсалып отыр. Қазіргі уақытта республика бойынша 350-ден аса сот орны бос. Бұл өзгерістер сол бос орындарды қажетті кадрлармен толықтыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Мәселен, Шығыс Қазақстанның Тарабағатай аудандық сотында 3 жылдан бері судьяның орны бос тұр. Ол жерге барып жұмыс істеуге ниетті ешкім жоқ», – деді Шипп.
Айта кетсек, жыл басында Сенат Қазақстан Жоғарғы сотының 4 судьясының қызметтен босатылуын мақұлдаған.