Цифрлық даму министрлігі ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасында дүниежүзілік нөмірлеудің 7-ші аймағын бірлесіп пайдалану туралы келісімге қол қою туралы Үкімет қаулысын дайындады. Екі елдің байланыс ведомстволары арасында келісім жасалған. ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі осы жөнінде хабарлады.
2021 жылы Қазақстанға жеке код алу мақсатында +997 халықаралық телефон коды резервке қойылды.
Министрлік байланыс операторларымен бұл жобаны бірнеше мәрте талқылады. Соның нәтижесінде бірқатар түйткіл Үкіметтің ықыласын өзгертті.
Ведомство жаңа кодқа көшкен кезде ақаулар пайда болады деп күдіктенген. Осының салдарынан тұтынушылар тарапынан шағымдар көбеюі мүмкін деп қауіптенді.
Министрлік басты себептерін талдап көрсеткен:
- қаржылық және технологиялық мәселелер туындайды;
- отандық байланыс операторларының барлық абоненті мемлекеттік және банктік қызметтерді алу үшін,
- оған қоса әлеуметтік желілерді, қолданбаларды жүктеу үшін өз деректерін жаңартуға тиіс болады.
«Осыған байланысты, азаматтардың ыңғайлылығы үшін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Халықаралық электр байланысы одағымен қайта келіссөздер жүргізіп, +7 халықаралық кодын өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданды», – делінген Цифрлық даму министрлігі хабарламасында.
Қазіргі уақытта Үкімет Ресей Федерациясының жобаны мақұлдауын күтуде.
Былтыр Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібінің бұрынғы министрі Бағдат Мусин «Қазақстан +9 кодына өтпейді, +7 кодында қалады» деп мәлімдеген. +77 кодын біржола бекітуге Ресеймен келісу керек екенін айтқан.
Елдердің телефон коды бірнеше аймаққа бөлінген. Мысалы, 1- аймақ, яғни +1 коды АҚШ пен Канадаға, 4-аймақ, яғни +4 коды кейбір Европа елдеріне тиесілі. Қазақстан Ресеймен бірге 7-аймақта, яғни +7 кодын қолданады, жеке мемлекет ретінде +77 кодын қолданып жүр. Егер +997 кодына өтсе, Үндістан, Пәкістан, Түркия, Иран және Орталық Азия елдері бар 9-аймақтан байланысқа шығады.