Қазақстанның қоғам қайраткері, белгілі шығыстанушы, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов дүниеден озды
Көрнекті қоғам қайраткері, белгілі шығыстанушы, түркітанушы, мәдениеттанушы, эссеист, дипломат және филология ғылымдарының кандидаты Мұрат Әуезов дүниеден озды. Бұл жөнінде журналист, публицист, аудармашы Бигелді Ғабдуллин әлеуметтік желісінде хабарлады.
М. Әуезов 1943 жылғы 1 қаңтарда Жамбыл облысының Меркі ауылында дүниеге келген. Әкесі Мұхтар Әуезов – белгілі қаламгер, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, драматург, ғалым, «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы.
М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Шығыс тілдері институтында филолог-шығыстанушы мамандығы бойынша білім алды.
1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Халық депутаты болып сайланды. Кеңес Президумының мүшесі, парламентаралық байланыстар жөніндегі Комитеттің төрағасы болды. Лауазымды қызметтермен айналыса жүріп, мәдениеттану, философия, филология салалары бойынша ғылыми монографиялар, мақалалар жариялады.
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы тұңғыш елшісі қызметін атқарды.
2003-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасын басқарды.
М. Әуезов 2007 жылдан бері Мұхтар Әуезов атындағы қорға жетекшілік етті.