Із-түссіз кеткен экс-судья Айгүл Сайлыбаеваны іздеу үшін туыстары Германияға ұшуға визаны әлі ала алмай жатыр. Қазақстандық әйелдің хабар-ошарсыз кеткеніне он күннен асты. Оның ағасы Қанат Сайлыбаевтың айтуынша, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Германия Сыртқы істер министрлігіне визалық қолдау көрсетуді сұрап, үш ресми өтініш жолдаған. Алайда неміс билігінен әлі жауап жоқ.
Айгүл Сайлыбаеваның Франкфуртте туыстары жоқ, сондықтан оның отбасы Айгүлді іздеуге шұғыл ұшып кетуді жөн санайды.
«Бізде әлі виза жоқ. Бір аптадан астам уақыт бойы консулдықтың табалдырығын тоздырудамыз. ҚР СІМ Германияның Сыртқы істер министрлігіне үш ресми үндеу жолдады. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Германия үкіметінен бізге визалық қолдау көрсетуді сұрайды, бірақ немістер тарапынан ешқандай шара жоқ. Олар бізге әлі виза берген жоқ және бас тартқан да жоқ», – дейді Қанат Сайлыбаев.
Әзірге хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық әйелдің отбасына Бенсхайм қаласында тұратын мүдделі азаматтар көмек көрсетуде. Неміс полициясы қылмыстық іс қозғады.
«Айгүлдің жұбайы мен оның туыстары іздеуге көмектеспей жатыр. Шынымды айтсам, енді үміт жоқ. Бәлкім неміс халқының жүректері тас шығар. Олар тіпті жауымызға да мұндайды тілемейтін күй кешіп отырғанымызды түсінбей отыр. Айгүлдің тірі немесе өлі екенін, қандай жағдайда екенін білмейміз. Анам мен әкемнің жастары келген адамдар, олардың да сабыры таусылды, жүйкелері сыр бере бастады», – деп жазды із-түзсіз кеткен қазақстандық әйелдің ағасы.
Еске салсақ, осыған дейін СІМ өкілі Айбек Смадияров хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық әйел, Астана қаласы Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы, Айгүл Сайлыбаеваның жоғалуына қатысты пікір білдірді . Айтуынша, 5 маусымда Майнда Франкфурт қаласындағы ҚР-ның бас консулдығына Қазақстан азаматтары 2024 жылғы 3 маусымда қызының жоғалып кеткенін айтып арыз түсірген.
Айбек Смадияров қазақстандық дипломаттар жоғалған әйелдің туыстарымен тікелей байланыста екенін мәлім етті.
Айта кетейік, қазақстандық журналист Гүлмира Абықай бұрын судья болып жұмыс істеген Қазақстан азаматының Германияда жоғалып кеткенін мәлімдеп, әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды.
«Германияда қазақ қызы жоғалды! Айгүл Сайлыбаева Астана қаласы Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы, «Болашақ» түлегі. Ол күйеуі Александр Донцовпен бірге 2019 жылы елден кеткен. Өзінен біраз жас кіші, бірнеше шет ел азаматтығы бар күйеуімен әлемнің біраз елінде тұрып келген. Ресей, Американы айналып, соңғы кезде Германияның Бейншейм шаһарына тұрақтаған екен. Соңғы 4 күннен бері елдегі туыстарымен байланысқа шықпаған Айгүлді бауыры Қанат Сайлыбаев іздеп шарқ ұрып отыр. Сорақысы сол, ағасы көзі ашық, көкірегі ояу судья әйел күйеуі мен енесінен шет елде тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп жүргенін айтады», – делінген жазбада.
Podslushano.de Instagram парақшасында тараған ақпаратқа сүйенсек, Айгүл Сайлыбаева 35 Tannbergstraße, Bensheim мекенжайындағы үйінен шығып кеткен. Содан бері одан хабар-ошар жоқ.