«Норма кеңестік кезеңнен бері қолданыста»: Жоғарғы сот Самат Әбіштің шартты түрде сотталу себебін түсіндірді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Назгүл Рахметуллинаның айтуынша, әрбір нақты жағдайда сот шешеді / Коллаж: архив kursiv.media

ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбішке шығарылған үкімге қатысты пікір білдірді.

Журналистер Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасынан Самат Әбішке не себепті шартты мерзім берілгенін және үкімнің қаншалықты әділетті екенін сұрады.

«ҚР ҚК-нің 63-бабында шартты түрде соттау қолданылмайтын қылмыстардың тізбесі бар – бұл сыбайлас жемқорлық қылмыстар, аса ауыр қылмыстар, бұл жазалау мерзімі 12 жылдан асқан және басқа да бірнеше санаттағы қылмыстар. Шартты түрде жазаны қолдануға тыйым болмаса, оны әрбір нақты жағдайда сот шешеді», – деп жауап берді.

Рахметуллинаның айтуынша, Қазақстанда шартты жаза жиі қолданылады.

«Бұл заңның бабы, соттың оны қолданбауға құқығы жоқ. Яғни адам бұрын сотталған ба, жоқ па, оның мінез-құлқы қандай, қылмыспен келтірілген залалды өтеген бе, міне осының барлығы ескеріледі. Бұл норма кеңестік кезеңнен бері қолданылып келеді», – деді ол.

Самат Әбіштің сот үкімі

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіш «Қаңтар оқиғасы» бойынша кінәлі деп танылды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оның 8 жылға шартты мерзімге сотталғанын растады.

Ақпаратқа сүйенсек, сот «Құпия» белгісіне ие болғандықтан, жабық түрде өткен. Астана сотының мәліметіне сүйенсек, Самат Әбіш «кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінген». Сот оны 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Ол кінәлі деп танылған бап негізінде пробациялық бақылау белгіленген.

Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке қатысты сот үкімі туралы ақпаратты бірінші болып жариялаған Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бұл шешімді сынға алды. Оның пікірінше «Ескі Қазақстанның» «Жаңа Қазақстанға» ықпалы бар. Ол соттың Самат Әбішті 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы шешімін «күлкілі жағдай» деп санайды.

«Соттың шешіміне баға бере алмаймын. Азаматтық пікірімді айтатын болсам, Самат Әбіш қылмыстық жауапкершілікке тартылды деген кезде прокуротура тарапы «қызметін асыра пайдаланды» деген бап бойынша жауапқа тартылды деп мәлімдеген. Ал енді айналып келгенде «сиырқұйымшақтатып» жіберген сияқты. 8 жылға шартты түрде соттау, бұл күлкілі жағдай.  Соңғы 30 жылда Қазақстанның тарихында болмаған. 8 жыл шартты мерзім деген, тіпті бесіктегі бала күлетін жағдай,»  деді ол.

ҰҚК Төрағасының экс-орынбасары Самат Әбіш 2022 жылы 17 қаңтарда қызметінен босатылған еді. Ал 2022 жылғы 22 маусымда ҰҚК төрағасының орынбасары Асқар Әмерханов Самат Әбіштен жауап алынып жатқанын хабарлаған.

Самат Әбіш – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. Оның ағасы Қайрат Сатыбалды 2022 жылғы қыркүйекте алты жылға сотталған болатын. 

Сондай-ақ оқыңыз