Жаңалықтар

Сара Назарбаева негізін қалаған институт мемлекет меншігіне өтті

Сара Назарбаева негізін қалаған ұйым енді «Өркен» балалар саламаты ұлттық ғылыми-тәжірибелік институты деп аталады / Фото: архив kursiv.media

Сара Назарбаева негізін қалаған институт мемлекет меншігіне өтті.

Үкімет қаулысында «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізіміне енді.

Аталған институт соңғы екі жылда жұмыс бағытын өзгертіп, ребрендинг жасаған болатын. Оған дейін «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» деп аталып келді. 

«Аталған институт 2021 жылы Сара Назарбаева негізін қалаған «Бөбек» қорының жанынан ашылған еді. Институттың негізгі миссиясы «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы арқылы елдің адами әлеуетін дамытуға үлес қосу болды. Ал Қазақстанда «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы 2022 жылы заң жүзінде өз жұмысын тоқтатты», – делінген хабарламада.

Бұдан былай «Өркен» балалар саламаты ұлттық ғылыми-тәжірибелік институты» балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету жүйесіне жәрдем берумен айналысады. Институттың негізгі мақсаты – қазақстандық балалардың әл-ауқат деңгейін Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше елдердің деңгейіне дейін арттыру. Институтты Есенғазы Иманғалиев басқарады. 

Айта кетейік, 2023 жылы Сара Назарбаеваның архивін, мұражайын құруға міндеттеме алған Ұлттық институттың атауы өзгеретіні туралы Үкімет басшысының қаулысы жария талқылауға шығарылған еді.

«Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамының атауы «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта аталсын»,  – делінген қаулы жобасында.

Еске саламыз, 2022 жылы «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы заң жүзінде өз жұмысын тоқтатқан болатын.