Рубль рекордтық көрсеткішке дейін құнсызданды: теңгенің жайы не болмақ?
АҚШ Мәскеу биржасына қарсы санкция енгізген соң, Ресей рублі құлдырады. 13 маусым Мәскеу биржасы доллар, еуро және Гонконг долларымен сауда жасауды тоқтатты.
Рубль құлдырады
Дегенмен биржадан тыс саудада шетел валюталарымен сауда-саттық жалғасты. Ресейдің ақша айырбастау пунктерінде доллар мен еуро 200 рубльге сатыла бастады. Бұған дейін ресми бағам 90 рубльден жоғары болған. Ал сатып алу бағамы – 50 рубльді құрады. Яғни бір күнде Ресейдің «қызыл ақшасы» еселеп құнсызданды.
Бұл ретте сарапшылар Қазақстан үшін басты қауіп – Қазақстан қор биржасына қайталама санкциялар салынуы мүмкін деп қауіптенген. Мәскеу биржасы KASE акционерлерінің бірі. Ұйымға қазақстандық биржаның 13,1%-ы тиесілі. Алайда Ұлттық банк басшысы бұл күмәнді сейілтті.
«Ұлттық банктің KASE-де 47% үлесі бар. Бізде өз қаражатымыз қарастырылған. Егер бұл жағдай орын алса (биржа акцияларын сатып алу керек болса – ред.) біз соның есебінен KASE акцияларын сатып аламыз», – деді Сүлейменов.
Кейін бас банк көрші елдің қаржы нарығындағы жағдай теңге/рубль жұбына айтарлықтай әсер етпейтінін айтты. Өйткені Ресей рублі-доллармен сауда жасаудың балама платформаларына көшкен.
Болжам расталды
Осы тұста реттеушінің болжамы дәл келді ме, әлде қаржы нарығына бас банк араласты ма, рубль қанша құлдыраса да төл валюта бағамы тұрақтылығын сақтап қалды. Апта ішінде Қазақстан ақшасы долларға қатысты 2-5 теңге арасында ғана құбылып барып тоқтады.
10 маусым, яғни апта басында ұлттық валюта бағамы 1 долларға 448,12 теңге болған. 14 маусым Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттықта орташа сараланған бағам 13 маусыммен салыстырғанда 0,1%-ға (0,59 теңгеге) нығайып, 450,79 теңгені құрады.
Орташа сараланған бағам АҚШ валютасына қатысты 2 теңгеге төмендеді
13 маусымда орташа сараланған бағам 1 долларға 451,38 теңге тең еді. Шетел валюталарымен сауда-саттық аясында теңгенің долларға шаққандағы орташа сараланған бағамы 451,04 болды. Ең төменгі көрсеткіш 449,56, максимум 452,15, сауда аяқталғандағы бағам 1 долларға – 451,95 теңге болды.
KASE мәліметіне сәйкес, 14 маусымдағы сауда-саттық сессиясының қорытындысы бойынша доллар бойынша сауда көлемі 193,63 млн долларды құрады. 13 маусым жалпы сауда көлемі 169,902 млн доллар болған. Транзакциялар саны – 657. Бұл тұста Ресей рублі үшін 5,09 теңгеге тең болды.
Биржада белсенділік артты
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бас сарапшысы Рамазан Досовтың айтуынша, биржада теңге/доллар жұбы бойынша сауда көлемі атқан. Алайда мұның себебі Мәскеу биржасымен байланысты емес.
«Теңгеге мұнай бағасының қалпына келуі, қатаң ақша-несие саясаты, резидент еместер тарапынан теңгедегі активтерге сұранысының артуы және сауда балансының профицитінің жақсаруының жалғасуы әсер етті», – деп түсіндірді сарапшы.
Бұл ретте экономист Ғалымжан Айтқазин Мәскеу биржасына қарсы санкциялардан кейін Қазақстанның негізгі сауда серіктесі Ресейде рубльдің айырбас бағамы нарықтық конъюнктураға сәйкес қалыптаспайтынын айтады. Ал бұның жағымсыз тұсы да бар.
«Бұл биржадан тыс саудада және банктік есеп беруде жоғары тәуекелдер болатынын білдіреді», – деген сарапшы әзірге алаңдауға негіз жоғын айтады.
Еске сала кетсек, 11 маусымда Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мұнай бағасының төмендеуі теңге бағамы мен ел экономикасына қысым жасауы мүмкін, деп мәлімдеген.
«Ал бір жылдан кейін теңге 475,4 теңгеге (+6,3%) дейін әлсіреуі мүмкін», – деп жазды ҚҚҚ.