Парето заңы: 80/20 қағидасын күнделікті өмірде қалай қолдануға болады?

Опубликовано
80/20 ережесі немесе «Дисбаланс қағидасы» /shutterstock.com

Парето заңы немесе 80/20 ережесі туралы жиі естіген боларсыз. Осы ереженің арқасында уақыт пен ресурсты дұрыс басқаруға болады. Мұндай пропорция ауадан жасалмаған. Кәдімгідей заңдылықтарға сүйеніп, есептегеннен шыққан. Мәні сол — әлдебір іске күшіңіздің 20 пайызын салсаңыз, ол сізге 80 пайыз нәтиже береді. Kursiv Media тілшісі Парето қағидасы туралы материал әзірледі.

Парето заңы деген не?

Мұны басқаша 80/20 ережесі немесе «Дисбаланс қағидасы» деп те атайды. Бұл заңдылықты экономист, әлеуметтанушы Вильфредо Парето енгізген. Ережеге сәйкес, нәтиженің 80 пайызы іске 20 пайыз күш салғанның әсерінен болады дегенге саяды. Бұл пропорция табиғатта да, тіпті автомат жүйелерде де кездеседі. Әрине, аздап өзгеруі мүмкін. Бірақ сайып келгенде қорытынды әсердің басым бөлігі аздаған себептен шығады.

Бұл бағытта жасалған зерттеу аз емес. Мысалы, әлемнің біраз елінде байлықтың 80 пайызы тұрғындардың 20 пайызына тиесілі екен. Үлесі аздап қана ауытқиды демесеңіз, шамасы осындай. Сонымен бірге оқылған кітаптардың 20 пайызы адам дамуы үшін 80 пайыз пайда береді. Ал қалған 80 пайызы бекерге уақыт алып, көзді құртады деген де бар. Келесі мына бір қызыққа қараңыз: ғаламдағы барлық қылмыскердің 20 пайызы барлық қылмыстың 80 пайызын жасаған. Ал жол-көлік оқиғаларының 80 пайызы 20 пайыз көлік жүргізушілерінің кесірінен болады деседі. Бизнеске қатыстысына келсек, барлық табыстың 80 пайызын клиенттердің 20 пайызы әкеледі. Әрі барлық сатылған заттың 80 пайызы өнімнің түрлерінің 20 пайызына тиесілі болады екен. 

80/20 ережесі қайдан шыққан?

Парето принципі италиялық экономист әрі әлеуметтанушы Вильфредо Паретоның құрметіне аталған. 1896 жылы ол күш-қуат бөлу заңдылығы, дисбаланс туралы еңбегін жариялаған. Ол Италияның барлық байлығының 80 пайызы елдегі 20 пайыз тұрғынға тиесілі екенін атап көрсеткен. Сөйтіп осы қатынас қоғамның басқа салаларында кездесе ме, жоқ па деп тексеріп көрмек болады. Осылайша зерттеу жасап, табиғатта болсын, өмірде болсын барынша аз күш салып, үлкен нәтижеге қол жеткізуге болатынын байқайды. 20 ғасырда осы тақырыпты Джозеф Джуран да қаузаған. Ол осы 80/20 ережесіне өнеркәсіп өндірісінде де сүйенуге болады деп ұсыныс айтады. Бүгінде Парето принципінің нәтижелі екенін көпшілік біледі. Әсіресе, осы феномен жайлы бірнеше кітап жазған Ричард Кохудың арқасында тіпті көбірек таралды.   

«Дисбаланс ережесі» қалай жұмыс істейді?

Парето принципі — қатып қалған ереже емес. Десе де, көп жерде сүйеніп, қолдануға болады. Мысалы, Парето қағидасының көмегімен біраз істі жемісті атқара аласыз. Мысал үшін атап өтсек:

  • Барлық шаруаны мойныңызға іліп алып, бәрін бір уақытта істеп жүрмес үшін басымдығына қарай реттеуге көмектеседі;
  • Бәрін мінсіз жасауға талпындыратын перфекционизмнен құтыла аласыз. Барлығын бітіру міндет емес, бастысы қайсысы маңызды — сонымен айналысып үйренесіз.
  • Ойыңыздағы істің ойдағыдай өтуі үшін аздап қана күш салсаңыз жеткілікті.
  • Жоспарды іске асыру үшін неғұрлым көп еңбектенсеңіз, нәтижесі соғұрлым аз болады.
  • Логикаға сыйған нәрсенің бәрі ұдайы дұрыс бола бермейді.
  • Сәтсіздіктің көп бөлігі жағымсыз факторлардың аздаған үлесіне байланысты болады.
  • 80 пайыз нәтиже көру үшін 20 пайыз әрекет етсеңіз жетіп жатыр.

Бұл жерде ресурстарды дұрыс пайдаланып, сарқылып қалмауына жол бермеу маңызды. Өйткені үнемі барыңызды салып істей берсеңіз, жанып, қатты шаршап қаласыз.

Басымдық қоюды қалай үйренуге болады?

Он жерден барлық іс маңызды десек те, ішінде маңызына қарай басымы көп не азырақ түрі болады. Бұл жерде «тез, өткіз» деп төбеден төніп тұрған бастық не күйіп бара жатқан дедлайнға қарап баға берген жөн емес. Оған қарағанда нақты бір есептеліп, көзге көрінетін соңғы нәтиже түрінде бағалаңыз. Қаласаңыз, ақшасына қарай, болмаса тартқан клиент саны, оқырман не үнемдеген уақыт деп қарастырсаңыз болады. Әр тапсырманың жемісі әртүрлі. Олай болса, Парето заңына сүйенсек, орындауыңыз керек барлық шаруаның ішінде ауқымды нәтиже беретіні бар болғаны 20 пайызы болуы мүмкін. Демек жан-тәніңізбен беріліп, уақытыңызды қиып істеуге тұратыны — сол тапсырмалар. Олар нәтиженің 80 пайызын береді. 

Парето заңы көмегімен қай істің уақыты расында күйіп бара жатқанын, қай нәтижесінің шынында маңызды екенін анықтай аласыз. Сонымен бірге қай әрекеттің нәтижеге апаратынын да біліп отырасыз. Жалпы өмірден алынған тәжірибеге қарасақ, барыңызды салып, 100% беріліп жұмыс істеудің керегі жоқ. Одан гөрі қай жерде көбірек күш салу керегін, қандай нәтиже үшін істеп жатқаныңызды анықтап алған жақсырақ. Осындайда Парето ережесін қолдансаңыз, жұмысыңыз өнімдірек бола бастайды, work-life balance сақтап жүре аласыз. 

Заңдылық және өмір салалары

Айтқандай, Парето заңы өмірдің барлық дерлік саласын қамтиды. Оның ішінде экономика, шет тілін үйренгенде, заң және құқық, хобби, ғылым, салмақ тастауда әсіресе көмектеседі. 80/20 ережесінің мысалын өмірдің кез келген саласынан табуға болады. Мысалы: 

  • Біз гардеробымыздағы бар киімнің 20 пайызын ғана күнделікті киеміз;
  • Апаттардың 80 пайызында жүргізушілердің 20 пайызы ғана кінәлі болып шығады;
  • Тұрғындардың ішіндегі жұмыс істейтін 20 пайызы зейнеткерлердің 80 пайызын асырайды;
  • Күнделікті жеп жүрген тамағыңызды 20 пайызға азайтсаңыз, ол арықтауыңызға 80 пайыз кепіл болады.

Түрлі саладағы мысалдар

Sales. 80 пайыз табыс 20 пайыз тауардың есебінен түседі. Қарапайым ғана мысал ретінде азық-түлік сататын дүкенді алайық. Сатып алушылардың ең жиі алатын негізгі тауарлары қандай? Нан, сүт, сорпаға қосатын заттар. Бұларға сұраныс қашанда бар. Былай қарасаңыз, сөредегі қаптаған заттың ішінде бұлардың үлесі ондай көп емес. Десе те, күнде табыс әкеліп тұрады. Ал қалған тауарлар болса, олай жиі өтпейді. Бірақ сатып алушылар тарапынан болатын өзге де сұраныстарды қанағаттандырады. Яғни функциясы — толықтыру. 

Business. Өнімнің 80 пайыз табысы тұрақты 20 пайыз клиенттің есебінен құралады. Табысты кәсіпкерлер киенттермен қалай жұмыс істеуді жақсы біледі. Сол үшін таргет аудиторияға анализ жасалады. Бизнеске табыс әкелетіндерге бағыттап жарнама жасайды.

Development. Қолданбалар функцияларының 20 пайызы қолданушы қажетінің 80 пайызын жабады. Бағдарламалаушылар юзерлерге нақты керек болатын функциялардың минимум жиынтығына ақша құятыны содан. Ал қалған 80 пайыз функцияларды өнімді дамыта отырып реттей беруге болады. Олар негізгі 20 пайызды толықтырады.

Жеке даму. Негізгі білімнің 20 пайызы өмірдің 80 пайызына жеткілікті. Оған мысал ретінде мектеп не университет шақтарды алуға болады. Ол жерлерде алған білімнің аз бөлігі ғана өмірде керек болатынын байқадыңыз ба? Ең негізгі білімнің көмегімен қоғамда аралас-құралас өмір сүреміз. Білімнің қалған 80 пайызы толықтырып тұрады. Керек емес деуге мүлдем болмайды. Өйткені олар мәселенің мәнін түсінуге көмектеседі. Бар болғаны күнделікті қолданыста жоқ. 

Жеке өмір. Жақындарыңызбен күніне бірге өткізген 20 пайыз уақыт қарым-қатынасты 80 пайызға жақсартады. Баланың бетіне қарап, 24/7 отыра берудің керегі жоқ. Бірақ аз болса да, бірге өткізген уақытты сапалы ұйымдастырғаныңыз абзалырақ. Бірге кітап оқып, ойнап, талқыласаңыз, сол сізге арадағы байланысты нығайтуға көмектеседі. 

Спорт. Сапалы жасалған 20 пайыз жаттығу 80 пайыз спорттық қалыпты сақтауға көмектеседі. Әуесқой тұрғыда айналысатындарға сәйкес келетін ереже. Себебі кәсіб спортшылар 100 пайыз жаттығып, барын салып, қалпын жоғалтпауға тырысады. Сондықтан егер өзіңіз үшін спортпен айналысатын болсаңыз, күнде залдан шықпай, өзіңізді шаршатып алмаңыз. Бос уақытыңыздың 20 пайызын ғана сапалы жаттығуға арнасаңыз жетеді.

Парето заңының өнімділігін қалай есептейді?

Ол үшін уақытыңыздың 80 пайызын қайда жұмсайтыныңызды ойлаңыз. Байқасаңыз, сол әрекеттер сізге бар болғаны 20 пайызға жуық нәтиже әкеледі. Сол сияқты сізге табыстың 80 пайызын әкелетін не — оны да ойлап көріңіз. Сонда барып қай бағытқа күш салу керегін түсіне бастайсыз. Жоспарларыңызды күнделікті түзеп отырғаныңыз жөн. Қайсысы нақты жемісін береді? Қайсысы көп күш, уақытты алып, нәтижесі көңіл қуантпайды? Соған қарап қайсысына көбірек уақыт, күш-қуат бөлу керегі белгілі болады. Бұл жерде маңыздысы — күшіңізді расында өнімді болатын, керек әсерді сыйлайтын нәрсеге жұмсау. Энергияңызды көп жегенімен, ойдағыдай нәтиже бермейтін істерді анықтаңыз. 20/80 ережесін қолданысқа енгізсеңіз, жұмыста да, тұрмыста да істеріңіздің өнімді бола бастағанын көресіз. Сонымен бірге тұлға ретінде құнды сезініп, жетістіктің бал дәмін біле бастайсыз. 

  • Жеке заттарыңызға қатысты қолданыста былай істеңіз. Сіз алатын заттардың 80 пайызға жуығы, Парето заңына сүйенсек, өте сирек қолданылады. Оның ішінде заттар ғана емес, түрлі қызмет, қаржылай шығын, сыйлыққа алған дүниелер — бәрі бар. Мысалы гардеробыңызда бірнеше жыл бұрын алынған, жылына әрі кетсе 1-2 рет қана киілетін киім бар шығар? Балаға алған ойыншықтардың ішінде де ойналмайтыны қаншама. Тіпті кей заттардың қашан алынғанын да, қазір қайта жатқанын да еске түсіре алмауыңыз ғажап емес. Сондықтан зат алатын кезде жақсылап ойланып, таразылауды үйреніңіз. Керек болмаса, қоқысқа тастауға дағдыланыңыз. Үйдегі артық зат сізге кедергі болады.  
  • Жеке ақпараттарға қатысты. Біз әдетте қызық ақпараттарды кейінірек зерттеймін деп ысыра береміз. Барлық құрылғымызда ескі, ешкімге қажеті жоқ ақпарат толып тұрады. Кәдімгі заттар қалай орын алып тұратын болса, олар да гаджеттерде виртуал орын алады. Жады толып қалады деп шынында керек, құнды деген деректерімізді сақтай алмай қалып жатамыз. Сондықтан виртуал кеңістікте де деректерді реттеп, тазалап отырған жөн.
  • Өмірден өз орнын табуға қатысты. Өкінішке қарай, өмірлік жолды таңдаған кезде ресурстарды дұрыс бөлмей жататындар болады. Оның ішінде мамандық таңдаудан бастап, жеке қызығушылықтарға дейін Парето заңының статистикасындағыдай болып жатады. Яғни керек болмауы мүмкін дүниеге көбірек көңіл бөлуіміз мүмкін. Кәсіби машықтарға ие болған соң өзіңізді жақсырақ ашатын саланы емес, керісінше ең әлсіздеуін таңдап алуыңыз ғажап емес. Өз салаңызда маман бола тұра жоба жасап, шешімдер қабылдағанда солардың 80 пайызы қызметіңіздің жалпы нәтижесіне өте аз үлес қосуы мүмкін. Мысалы тіл курстарын, білікті арттыратын бағдарламалар оқығаныңызбен, сондағы оқығаныңызды пайдаға асырмадыңыз делік. Болмаса, бір курс сатып алып, ондағы ақпаратты елеусіз санап, бір сабақтан кейін бетіп ашпайсыз. Сондықтан уақытыңызды бағалаңыз, болашағыңызды қамдаңыз. Кәсіби жолда қалай дамығыңыз келеді? Сол бағытта нақты жоспар құрыңыз. Күш салған дүниеңіз мол жеміс берсін.
  • Қарым-қатынас мәселесіне қатысты. Араласатын ортаңыз туралы ойланып көрдіңіз бе? Айналадағы адамдар жылдар бойы жаныңызда жүр ме? Кейбірі сондай берік орта құрып алады. Ал енді бірінің өмір жолында біреулер келіп, біреулер кетіп жүре береді. Негізі достарыңыздың 20 пайызына ғана мол көңіл бөлесіз. Солармен тілдесіп, мақсатыңызға жетуге жақындайсыз. Ал енді айналаңыздағы адамдардың 80 пайызы келіп-кетіп жүретін, өміріңізге оң әсер бермейтін  болса, онда коммуникация мәселесіне мән беруіңіз керек деген сөз. Қарым-қатынас ұзақ әрі нық болғаны жақсы.
  • Ұжым мәдениеті. Бір адам — жеке тұлға, екеу болса — ұжым. Жиналған адам саны көбейген сайын құрылым күрделене түседі. Ондағы байланыс та, басқару мүмкіндігі де қиындайды. Әркім нәтиже көрсетіп, барын салатындай өнімді координация жасау оңай емес. Мысалы бизнес саласын алып қарасақ, көп жерде қызметкерлердің 80 пайызы табыстың 20 пайызын ғана әкеледі. Өнімді нәтижелерге қатысты да солай. Сондықтан әлдебір ұжымның мүшесі не көшбасшысы болған кезде ресурстардың бөлінуіне, тапсырмалардың дұрыс берілуіне баса мән берген жөн. Ұжымдағы әр адамның талаптанып, жанып тұрғаны жалпы нәтижеге жақсы. Өз міндетін жолына емес, шынында мінсіз орындауға талпынсын. 

Парето заңы қай кезде үйлеспейді?

  • 80/20 қатынасы көп жерге сәйкескенімен, нақты әрі тұрақты бола алмайтынын басында айттық. Кейде 20 пайыз нәтиже үшін 100 пайыз барыңызды салуыңыз керек болады.
  • Парето заңы барлық жерге келе беретін әмбебап өлшем бола алмайды. Мысалы ғылыми статистика не бизнес-аналитика үшін бұл заңдылық жүрмейді.
  • Сонымен бірге бұл заңдылықты кей адамдар өз жалқаулығын жасыру үшін сылтау қылып пайдалануы мүмкін. Яғни өмірде бәрін 20 пайыз ғана күш салып, 80 пайыздық нәтижемен рақаттанып жүре алмайсыз. Күнделікті күйбеңнің 80 пайызынан құтылып кете алмайсыз. Өйткені өмір өзі содан құралады. Сондықтан шыншылдық аса қажет.
Читайте также