Жаңалықтар

Қазақстанда егінді ақбөкен мен шегірткеден сақтандыру мәселесі қаралуда

АШМ фермерлерді сақтандырудың тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру тетіктерін әзірлейтін болады / Фото: архив, kursiv.media

Елімізде егінді ақбөкен мен шегірткеден сақтандыру мүмкіндігі қарастырылады. Бұл жайында вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.

Жиында  АӨК-дегі сақтандыру түрлерін кеңейту мәселесі талқыланды. Айта кетейік, Қазақстанда өсімдік шаруашылығы саласында 4 сақтандыру компаниясы және тағы 3 мал шаруашылығында жұмыс істейді. Сақтандыру операторы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің мәлімдеуінше, 2021 жылы сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялауға республикалық бюджеттен 1 млрд теңге, 2023 жылы – 2,5 млрд теңге, 2024 жылы – 2,7 млрд теңге бөлінген.  

«2023 жылы өсімдік шаруашылығы саласында 142 шарт жасалып, 279 074 га алаңы сақтандырылған. 2024 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 261 шарт жасалды, оның аясында 490 225 гектар жер сақтандырылған. Осылайша, 2024 жылдың 5 айында өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру 2023 жылмен салыстырғанда 75%-ға өсті», — деді Ербол Тасжүреков.

Вице-министр биыл қайта сақтандыру компаниялары барлық өңірде егістік алқаптарын құрғақшылықтан және артық ылғалдан сақтандыруға шектеу қойғанын айтты. Бұл субсидия ала алатын фермерлер санының шектелуіне алып келеді.

Ал агроқұрылымдық сақтандыру қауымдастығының кеңес мүшесі Елдос Әуезбеков 2020 жылдан 2023 жылға дейін сақтандыру төлемдері 6 млрд теңгеден асқанын, сыйлықақылар жинағы 3 млрд теңгеге жуықтағанын атап өтті.

«4 жыл қатарынан құрғақшылық болды. 2023 жылы құрғақшылықпен қатар өзге өңірлерде ылғалдың шамадан тыс көп болуы тіркелді. Ол да сақтандыруға жатады. Бұл биыл сақтандыруға сұраныстың артуына ықпал етті және сақтандыру лимиттерінен асып түсті», — деп түсіндірді  Елдос Әуезбеков.

Оның айтуынша, қайта сақтандыру компаниялары лимиттерді өткен жылдары да белгілеген. Бірақ шаруалар тарапынан сұраныстың төмендігінен сақтандыру лимитіне ешқашан жеткен емес.

«Біз Швейцарияның қайта сақтандыру компанияларымен келіссөздер жүргізудеміз, кейбір неміс компаниялары лимиттерді 15 млн гектарға дейін көтеруге дайын, бірақ мемлекеттен сату көлемі бойынша кепілдік күтеді. Мемлекеттік қолдау шараларын (субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер) алушылар үшін өзара міндеттемелер болған жағдайда көлемге кепілдік бере аламыз. Егер шаруа егістік алқабының кем дегенде 20%-ын сақтандырса, бұл құрғақшылық пен ылғалдың артық болуы кезінде банкротқа ұшыраудан сақтайды», — деді Аграрлық сақтандыру қауымдастығы кеңесінің мүшесі Елдос Әуезбеков.

Сақтандырушылар егінді ақбөкеннің шабуылынан сақтандыру мүмкіндігін де зерттеген. Қайта сақтандыру нарығы спутниктік мониторинг арқылы жайылымдардағы жасыл биомассаға ұқсас сақтандыру өнімдерін қарастыруға дайын. Ол үшін GPS трекерлері арқылы киіктердің қозғалысын бақылау қажет.

«Трекер ақбөкендер табынының жетекшісіне бекітіледі және ол арқылы табынның қозғалысы бақыланады. Одан әрі жайылымдардағы киіктерді бақылаған кезде біз жайылымдардағы биомассаның деңгейін қараймыз, ал ол төмендеген кезде алаң иесіне төлемдер жасалады. Бірақ қайта сақтандыру компаниялары үшін басты мәселе – мемлекет киіктердің санын қалай реттейтіндігінде. Егер бұл сұраққа жауап табылатын болса, онда апатты сақтандыру жүйесін жолға қоюға болады» — деді Әуезбеков.

Елдос Әуезбеков шегірткеден сақтандыру өнімдері де барын айтады. Сандық технологиялардың көмегімен егістерді фитосанитариялық қызмет химикаттармен өңделгені тексеріледі. Екінші нұсқа – гиперлокальды метеостансаларды, шегірткелердің санын хабарлайтын және фотосуреттер арқылы бақылайтын құралдарды орнатуға болады.

Қазақстанда шегірткенің таралу қарқыны күшейді

Айта кетейік, Оңтүстік өңірелерде шегіртке қаптап кетті. Аптап ыстық салдарынан Түркістан облысында 60 мың гектарға зиянкестер таралып кеткен. Осыған орай, Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен Ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров өңірлерге шұғыл жұмыс сапарымен аттанады.

Түркістан облысында аптап ыстық пен шегірткенің қосымша 60 мың гектар алқапқа таралуы жағдайды қиындатқан. 10 маусымдағы жағдай бойынша оның 45,3 мың гектары өңделген. Ал Арыста – 36,8 мың гектар, Шардара ауданында – 6,7 мың гектар, Келес ауданында – 1,6 мың гектар жер дәріленген.

Киіктер шаруаларға зиян келтірді ме?

Ал ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин киіктер шаруалардың егін алқабына зиян келтірмегінін және киіктердің атылуына қатысты шешімге әсер етпейтінін айтқан еді. Бердалин шаруалар егін алқабына түскен киіктерге қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне шағым түсірмегенін және министрліктің өтемақы төлемегенін айтты.

«Бізде методика болмаған соң, өтемақы төленбеді. Оларға қанша қаржы бөлетінімізді ғылым (ғылыми институттар – ред.) анықтайды. Оны Ауыл шаруашылығы министрлігі шешпейді. Біз тек шаруалар егін алқабын қорғау үшін қоршауға алса, соның 25% субсидиялаймыз», – деді ол.

Вице-министрдің сөзінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруаларды қолдау мақсатында киіктерді ату туралы шешім шығармаған.