Қазақстан Германияға жыл соңына дейін 1 млн тонна мұнай жеткізуді жоспарлап отыр

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Биыл Германияға қанша тонна мұнай жеткізіледі? / Архив: kursiv.media

Қазақстан Германияға жыл соңына дейін 1 млн тонна мұнай жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл жайында  «ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің Karachaganak Petroleum Operating B.V. бас директоры Марко Марсилимен кездесуінде мәлім болды.

Тараптар Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 4,5 млрд текше метр шикі газды қайта өңдеу зауытын салу жобасының ағымдағы жағдайын талқылады.

Сондай-ақ қазіргі уақытта өндіру деңгейін жылына 10-11 млн тонна деңгейінде ұстап тұру үшін кен орнын кеңейту жобасы іске асырылуда. Қабаттық қысымды ұстап тұру және қабаттың мұнай беруін арттыру мақсатында қосымша 5-ші және 6-шы газды қабатқа кері айдау компрессорларын орнату көзделген.

Былтыр Қарашығанақ мұнайы 1 млн тонна шамасында «Қазтрансойл» және «Транснефть» көлік жүйелері арқылы алғаш рет  Германияға тасымалданды. Ағымдағы жылдың  5 айында 500 мың тонна мұнай жеткізілген.

2024 жылдың соңына дейін көлемі 1 млн-нан астам тонна мұнай тасымалданады деп болжануда. Тараптар кездесу қорытындысында бұл бағыттың өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мақсатында жалғасатынын мақұлдады.

Анықтама

Karachaganak Petroleum Operating B. V. (КПО) — әлемдегі ең ірі газ конденсатты кен орындарының бірінің операторы. Қарашығанақ кен орны 1979 жылы ашылған, Қазақстанның солтүстік-батысында орналасқан. КПО бірлескен кәсіпорын «Эни СпА» (29,25%), «Шелл плс» (29,25%), Шеврон (18%), «Лукойл» (13,5%) және ҚМГ (10%) және қызметін халықаралық консорциум серіктестері қол қойған өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім (ӨБК) бойынша жүзеге асырады. 1997 жылғы қарашада Қазақстан Үкіметі ӨБК қол қойылған сәттен бастап кен орнын игеруге 31,3 млрд доллардан астам инвестиция салынды. 2023 жылы Қарашығанақ кен орнындағы көмірсутек шикізатын өңдіру көлемі шамамен 143 млн баррель мұнайды құрады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Германияға Қазақстан мұнайын («Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» ресурсынан) жеткізу туралы қолданыстағы келісімшартты жыл соңына дейін ұзарқтан болатын. Қазақстандық «қара алтын» Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына тасымалданады. Тасымал көлемі – айына 100 мың тонна.

Айта кетейік, 2024 жылдың қаңтар-сәуір аралығында «ҚазТрансОйл» АҚ Германияға 420 мың тонна қазақстандық мұнай тасымалдады. Шикізат «Транснефть» ПАҚ-ның магистральдық мұнай құбыры жүйесі арқылы «Адамова застава» жеткізу пунктіне дейін жеткізілді.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 330 мың тоннаға артық. 2024 жылдың мамыр айында «ҚазТрансОйл» АҚ Германияға 120 мың тонна қазақстандық мұнайды тасымалдауды жоспарлап отыр. 2023 жылы Қазақстан мұнайын Германияға жеткізу үшін осы бағыт бойынша тасымалдаудың жалпы көлемі 993 мың тоннаны құрады.

Сондай-ақ оқыңыз