Қытайда әлемдік сәнді брендтер имидж қаупіне қарамастан, бағаны екі есеге дейін төмендетті

Жарияланды (жаңартылды )
Versace-дің Қытайдағы орташа жеңілдіктері 50%-дан асып кетті / Фото: Shutterstock

Сән әлеміндегі кейбір бренд тауар өндірушілері Қытайда бұрын-соңды болмаған жеңілдік акцияларын ұсынып жатыр. Өздерінің имидждік беделіне нұқсан келетініне қарамастан, тауар бағаларын едәуір төмендетуде.

Мәселен, маусым айынан бастап қытайлық сатып алушылар Tmall дүкенінен 35% жеңілдікпен 1947 долларға Balenciaga-ның әйгілі Құм сағаты сөмкесін сатып ала алады. Bloomberg мәлімдеуінше, бұл брендтің ресми сайтындағы және сәнді тауарларды сататын ірі платформалардағыдан арзанырақ. Сондай-ақ Balenciaga  (бренд француздық Kering sa компаниясына тиесілі)  ағымдағы жылдың алғашқы төрт айының үшеуінде сатылымдағы заттарға орташа есеппен 40% жеңілдік ұсынған. Bloomberg ақпарат көздері ұсынған мәліметке сүйенсек, Balenciaga былтыр тек қаңтар айында жеңілдіктер жасаған. Ал 2022 жылдың қаңтарынан сәуіріне дейін ешқандай жеңілдіктер болмаған.

Мұндай үрдіс Қытайда және басқа да сәнді брендтерде байқалады. Versace (Capri Holdings-ке тиесілі), Givenchy (LVMH-ге тиесілі) және Burberry осы айда Tmall және басқа да қытайлық маркетплейстерде бағаны екі еседен астам төмендеткен. Bloomberg мамандары Versace-дің орташа жеңілдіктері 2023 жылдың басында шамамен 40%-дан биыл 50%-ға дейін өскенін айтады.

Бұрын-соңды болмаған мұндай жеңілдіктер Қытайдағы әлемдік сән үйлеріне де кері әсерін тигізуде. Сәнді брендтер Қытайға үміт артқанымен, әлеуеті орташа адамдар жаппай сатылымды күтіп ақша үнемдейтіндерін байқатқан. Тіпті қымбат тауар алуды құп көрмей, сатып алудан бас тарту жағдайлары да кездескен.

Люкс санаттағы брендтердің жағдайы…

Ал Hermes, Chanel және Louis Vuitton сынды люкс санаттағы бренд өндірушілері Қытайда әзірге жақсы жұмыс істеп жатыр. Олар жеңілдіктерден бас тартып, электронды коммерцияға қатысуды шектеген. Есесіне ауқатты клиенттерді көбірек тартуға басымдық берген. Бұл олардың экономикалық құлдырауға кетпеуіне айтарлықтай әсерін тигізіп отыр. Gucci, Prada және Miu Miu сынды брендтер де Қытай маркетплейстерінде  жаппай жеңілдіктер жасаудан бас тартқан.

Айта кетейік, Испаниялық Inditex Group компаниясына тиесілі Zara сән бренді биыл Еуропа мен АҚШ-та шоппинг-трансляция жүргізе бастайды. Zara Қытайда қазірдің өзінде аса танымал, бірақ батыстық сатып алушыларға бейтаныс форматты сынап көрмек.

Өткен жылдың қараша айынан бастап Zara апта сайын TikTok-тың Қытайға арналған Douyin нұсқасында бес сағаттық шопинг-шоуын ұсынып келеді. Reuters қытайлық сатып алушыларға арналған трансляция Zara-ға осы жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сатылымды 50%-ға арттыруға көмектесті деп жазады. Бұл мәліметтер жөнінде ол EDITED сараптамалық компаниясының деректеріне сілтеме жасайды. Батыс елдерінде Zara осындай трансляцияны «тамыз бен қазан аралығында» іске қосуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз