Ростовтағы №1 тергеу абақтысында кепілге алынғандар босатылды. Арнайы жасақ ИГИЛ лаңкестік ұйымының мүшелерінің көзін жойған.
«Ресейдің федералдық қылмыстық атқару қызметінің Ростов облысындағы №1 тергеу изоляторында кепілге алынғандарды босату бойынша арнайы операция барысында қылмыскерлер жойылды. Кепілге алынған қызметкерлер босатылды, олар зардап шеккен жоқ», – деп хабарлады Ресей федералды жазаны орындау қызметі.
Алты тұтқын тергеу абақтысы терезесінің торын бұзып, кезекші бөлімге басып кірген. Сотталушылар федералды жазаны атқару қызметінің Ростов облысы бойынша жедел басқарма бастығы, подполковник Алексндр Богма мен кезекші ауысым инспекторы, кіші сержант Виктор Кончаковты кепілге алды. Тұтқындар қолында қайрақтар, пышақтар және өрт сөндіруге арналған балға болды.
Содырлар террористік бап бойынша жазаларын өтеп жатқан. Олардың қатарында Шәміл Акиев, Тамерлан Гиреев, Азамат Цицкеев 18,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Абақтыны басып алғандар қатарында болған Даниил Камнеев, Малик Гандалоев, Магомед Сайпудиновтің террорлық әрекеті үшін сотталғаны анықталды.