ИГИЛ содырлары Ростовтағы тергеу абақтысын басып алып, екі қызметкерді кепілге алды

Опубликовано (обновлено )
Олар тағы да үш тұтқынды қатарына тартқан / Фото: Yevgeny Yepanchintsev/TASS/dpa/picture alliance

Ресейдің Ростов-на-Дону  қаласындағы «СИЗО-1» деп аталатын мекемесінде тұтқында отырған ИГИЛ мүшелері екі қызметкерді кепілге алды. Олар қару-жарақ беруді, өздерін бостандыққа шығаруды талап етіп отыр.

Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтер бойынша кезекші бөлімге басып кірген Акеев, Гиреев, Цицкеев өздерін «ИГИЛ жақтасымыз» деп мәлімдеген. Олар тағы да үш тұтқынды үгіттеп, қатарына тартқан. Алғашқы үшеуі 2023 жылы Қарашай-Черкес республикасы Жоғарғы сотының ғимаратын басып алуды жоспарлаған. Соның алдында Черкесск қаласында қауіпті террористік ұйым мүшелерімен байланысқа шыққан.

Террористер тергеу абақтысында басқарма бастығы мен инпсекторды кепілге алып отыр. Қазіргі уақытта мекеме айналасында арнайы жасақ топтасқан.

Кейінгі жылдары Ростовта осы тақілеттес оқиғалар орын алуда. 2024 жылдың 24 маусым күні «Вагнер» жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин бүлік ұйымдастырды. Ол шекараны кесіп өтіп әскери техникамен Дондағы Ростовқа басып кірді. Бірақ оған ешкім қарсыласпады. Пригожин одан кейін жалдамалы әскерімен Мәскеуге қарай 200 шақырым жүрді.

«Вагнер» көсемі Ресей Қорғаныс министрлігін өзінің жалдамалы әскерінің «арттағы лагерлеріне» зымырандық шабуыл жасады деп айыптады. Ресей әскері бір күнде «Вагнермен» қақтығыс салдарынан Ил-22ВзПУ ұшағын (әуе басқару бекеті), үш Ми-8 электронды соғыс тікұшағын, Ми-35 тікұшағын, Ка-52 тікұшағын, «Тигр» жауынгерлік көлігін және әскери КамАЗ көлігін жоғалтты.

Ресей аумағын көктей өткен Пригожин кейін Мәскеуге шабуылдау ниетінен айныды. Оның Путинмен қандай шартпен келіссөзге келгені құпия күйінде қалды. 24  тамыз күні Пригожиннің ұшағы апатқа ұшырап, борттағы бір топ адаммен қаза тапты.

Читайте также