Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Тоқаев дін мен дәстүрдің сабақтастығын атап өтті.
– Қадірлі отандастар! Құрбан айт құтты болсын! Бұл – имандылық пен мейірімділіктің, адамгершілік пен адалдықтың, жанашырлық пен жауапкершіліктің мән-маңызын арттыра түсетін мейрам. Барша мұсылмандар асыға күтетін қастерлі мерекенің тағылымы зор. Құрбан айтта, ең алдымен, сауабы мол игі амалдар жасалып, елді ізгілікке бастайтын құндылықтар кеңінен дәріптеледі. Сол арқылы халқымыздың рухани тұтастығы нығая түседі. Ата дініміздің ұлағаты біздің салт-дәстүрімізбен тығыз сабақтасып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент халықтың біртұтас болуы қиындықтан алып шығатын басты қасиеті екенін айтты.
– Халқымыз қашанда қиындыққа тап болған жандарға қол ұшын беріп, көмегін аямаған. Көктемдегі алапат тасқын кезінде жұртымыздың осы асыл қасиеті айқын көрінді. Біз ырысты ынтымағымыздың арқасында кез келген қиындықты жеңеміз. Айттан айтқа аман-есен жете берейік! Дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Әр шаңыраққа амандық, толайым табыс тілеймін! – деді Тоқаев.
Құрбан айт мерекесінің тойлануы
Ресми күнтізбеде 2024 жылы Қазақстанда Құрбан айт мұсылман мерекесі 17 маусым дүйсенбі күні аталып өтілетіні айтылған. Бірақ ҚМДБ жаңа айдың көрінуіне байланысты діни мереке жексенбіге сәкес келетінін хабарлады.
Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы 2024 жылы мұсылмандардың басты діни мерекелерінің бірі саналатын Құрбан айт мейрамын 16 маусымға бекітті. Сол себепті қазақстандықтарға айтта қосымша демалыс берілмеді.
ҚМДБ өз тарапынан коронавирустан бері онлайн құрбандықты қолға алған еді. Биыл да мұсылмандар діни басқармасы Қазақстандықтарға онлайн құрбан шалу үшін кезекті qurban2024.kz интернет веб-сайтын іске қосты. Басқарманың мәліметінше 18 маусым күні сағат 12:00-ге дейін Қазақстандықтар онлай құрбан шалуға тапсырыс бере алады. ҚМДБ ұсынған онлайн құрбан шалу сайтында өңірлер бойынша мал бағасы және оның түрлері бекітілді.