Түркістан облысында шегірткелерді улау аяқталды, алты өңірде күрес шаралары жалғасуда

Опубликовано (обновлено )
саранча шегіртке
Түркістан облысында шегірткелерді улау аяқталды /фото shutterstock

Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес аяқталды. Үкімет бұл өңірде жағдай тұрақтанды деп есеп берді. Орталық жедел штаб отырысында 340 мыңнан астам гектар жер өңделгені мәлім болды. Бұған дейін зиянкес 271,5 мың гектар жерге таралады деп есептелінген.

Ақтөбе облысында 414 мың га, Қостанай облысында 140 мың га жерге пестицидтер себілді.

«Абай, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Батыс Қазақстан облыстарында шегіртке үйіріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жамбыл және Қызылорда облыстарында өңдеу жұмыстары аяқталды.

Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында итальялық прусқа, сондай-ақ Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында азиялық шегірткеге қарсы қорғау  шаралары өңдеуге жататын алаңдардың анықталуына қарай басталады», – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Былтыр республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы 2023-2024 жылдар  шегірткелердің таралу циклінің 11 жылдық шарықтау шегі болатынын хабарлаған. 2021 жылдан бастап зиянкес далалық және егістік алқаптарда көбейе бастаған. Аталған орталық 2024 жылы 2,5 млн гектар алқапқа шегірткелер шоғырланатынын болжаған. Бұл 2023 жылға қарағанда (1,6 млн га) 1,5 есе көп.

Бір апта бұрын «Біз биылғыдай шегірткенің таралу аймағын бұрын-соңды кездестірген емеспіз. Біз оның таралуының ықтимал салдарын жете бағаламаймыз»,деген еді Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин.

2023 жылы республикалық бюджеттен зиянкестермен күресуге пестицидтерді сатып алу, сақтау, тасымалдау және қолдану үшін 3,8 млрд теңге жұмсалған. Биыл бұл шараларға 2 есе қаражат – республика резервінен 8,1 млрд теңге бөлінді.  Шегірткеге қарсы күрес шараларын бақылауда ұстау үшін Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен өңірлерге барды.

Читайте также