Маманда да маман бар, T-shaped түрі бір бөлек

Жарияланды
T-shaped-мамандар кәсіби тұрғыда мықты /Фото: kursiv.media

Көп жұмысты қатар алып жүре алатын, бірнеше саладан хабары бар мамандар қазір алтынмен тең. Бұрын бір саланың жілігін шағып, майын ішкендер құнды болса, кейінгі кездері жан-жақты мамандарға сұраныс артты. Оларды T-shaped қызметкерлер деп атайды. Көп функцияны алып жүре алатын мұндай маманның қандай артықшылығы бар? Компанияға олар қаншалықты қажет? Бұл қабілетті қолдан дамытуға бола ма? Осы туралы айтамыз. 

T-shaped маман деген кім?

Жалпы алғанда компаниядағы барлық қызметкерді шартты түрде үш топқа бөліп қарастыруға болады. Бизнесте, жобада не бір бөлімнің ішінде осы үш топ өкілі де кездесуі мүмкін. Сонымен бірге бір ғана түрінен тұратын команда болатын да кездер жоқ емес. Олай болса, ең жиі кездесетін қызметкерлердің үш түріне шолу жасайық. 

  • I-shaped-маман. Бұл қызметкерлер бір салаға маманданған. Өзі істейтін саланы «беске» біледі. Бірақ сол салаға жақын басқа тапсырма берсеңіз, орындай алмай қиналуы мүмкін. Себебі олардың машығы I әрпі секілді тігінен орналасқан. Мысалы, сіз мықты копирайтерсіз. Мәтін жазуда сізден асқан маман жоқ. Бірақ визуал жасап, сайтты беттеу керек болса, басыңызды алып қашасыз. Типіңіз осындай болса, демек сіз —  I-shaped-мамансыз.
  • Generalist. Бұл маманның біраз саладан хабары бар. Машығы көлденең орналасады. Яғни әр саладан аздап хабары бар. Бірақ біреуінен нақты скилл жинамаған. Айталық, дженералист-копирайтер мәтін жаза алады. I-shaped-маман секілді мықты емес. Бірақ жазу қолынан келеді. Айырмашылығы сол — стоктан сурет алып, оны аздап дайын бағдарламалар/қолданбалар арқылы өңдеп, нұсқаулық бойынша материалды беттеп шыға алады.
  • T-shaped-маман. Бұл маман алдыңғы екеуінің қосындысы десек болады. Ол —  бір саланың мықты маманы. Сөйте тұра басқа да салалардан әжептәуір хабардар. Оның машықтары Т әрпі секілді көлденең де, тігінен де жатыр. Копирайтердің мысалында түсіндірсек, ол мықты мәтін жазады. Әдемілеп визуал жасап береді. Керек болса, өзі беттеп, интернет-маркетиң құралдарын қолдана отырып материалды салады. Қорыта айтқанда, generalist барлығын аз-аздан біледі. Бір саланың майын ішпесе де, там-тұмдап хабардар. I-shaped-маман бір салаға ғана маманданған. Ол басқа саланың шаруасын орындамайды. Ал T-shaped болса, осы екеуінің қосындысы.       

T-shaped маман қаншалықты қажет?

Мұндай мамандар форс-мажор бола қалған кезде компанияны сақтап қалуға көмектеседі. Ойламаған жерден бір жағдай болса қалса, тезірек бейімделіп, жоқтан бар жасайды. Мысал үшін былай елестетеп көрейік: компанияда бір ғана саланың майын ішкен мықтылар жиналған болсын. Тек I-shaped-маманнан команда жинау тиімсіз. Себебі біреуі ауырып қалса, не басқа да бір жағдай болса қалса, оның орнын уақытша баса тұратын адам табылмайды. Бір маманның өзінің орны үңірейін қалады. Ал енді бірнеше адам қатар кетіп қалса, онда тіпті компания қаңырап қалуы мүмкін. Сол тұрғыдан алғанда командаға T-shaped-қызметкер керек деп айта аламыз. Өйткені олар — өз саласының үздігі. Оған қоса, басқа тапсырмаларды да мойнына алып, жасап шыға алады.

Айталық, I-shaped-әріптесі жұмысқа шыға алмай қалса, дереу орнын басып, жоғын білдірмейді. Тағы бір жақсы тұсы — мұндай мамандар компанияға приоритеттерді анықтауға көмектеседі. Мәселен бір қызметкер клиенттің шұғыл орындалуы керек дейтін сұранысын орындап үлгере алмай жатса, не қолынан келмей жатса, ол тапсырманы сол күні қолы бостау, дедлайны күйіп жатпаған басқа әріптесі орындай береді. 

T-shaped-мамандар кәсіби тұрғыда мықты бейімделген. Таным көкжиегі де кең. Соның арқасында жұмыс процесін жақсы түсініп, жоба не өнім жайлы бірден түсініп, кірісіп кете алады. Әр саладан хабары болғаны ұжым ішіндегі коммуникацияны да жақсарта түседі. Дизайнердің не айтқанын, бағдарламалаушының сөзін жақсы түсінеді дегендей. Кейде мұндай мамандар «күйіп» жатқан тапсырманы реттеуге көмектесіп қана қоймай, жалпы тапсырмаға қатысты бейстандарт шешім ұсынып қалуы мүмкін. 

Мұндай маманның қандай артықшылықтары бар?

Қабілетті маман қай жерге де керек. Кәсіби тұрғыда дамығанның артықшылығы мол. Соның ішінде:

  • Түрлі саланың мамандарымен тілдесіп, ұғыныса аласыз. Басқалардың идеясын түсініп, өзіңіздікін жақсырақ жеткізесіз.
  • Кәсіби қажудан қашып құтылу үшін өз өміріңізді түбегейлі өзгертудің қажеті жоқ. T-shaped-мамандар жұмысты қиын көрмейді. Өйткені кез келген кезде негізгі жұмысынан басқа тапсырмаларға оңай ауысып кете береді. 
  • Күнделікті тапсырмаларға ерекше шешімдер ұсына аласыз. Себебі жаңа білім мен жаңа білік түрлі саланың арасында баланс ұстауға көмектеседі.
  • Әр түрлі саладағы машықтарды дамыта отырып, мансап жолында мол мүмкіндік ашылады. Нәтижесінде жаңа жұмыс табу жеңілдейді. Себебі сіз істей алатын жұмыс көбейген соң, вакансиялар тізімі де кеңейеді.
  • Өз салаңызда үздік маман болғандықтан әрі басқа салалардағы таным көкжиегіңіз кең болған соң бәсекеге қабілетті маман бола түсесіз. Бұл — жұмыс берушілерге қатты ұнайтын қасиет.

T-shaped-маман болудың жолдары

Егер бірнеше саланы меңгерген маман болсаңыз, онда тереңірек енетіндей бір саланы таңдап алып, сол бағытта дамыңыз. Сөйте тұра басқа да салаларды база деңгейінде үйрене беріңіз. Егер бір саланы меңгерген маман болсаңыз, онда назарыңызды аударып, қызық болатын басқа да салалар жайлы ойланып көріңіз. Қай сала сізге қызық болар еді? Біртіндеп танысып, көре беріңіз.    

Жұмыс процесі қалай жүретінін қарап, бақылаңыз. Өзіңіз айналысатын жағын ғана емес, басқа да жақтарын шолып көріңіз. Бірден бәрін асаймын демеңіз. Өйткені бастапқыда қиындау болуы мүмкін. Көлемді жаңа ақпаратты бірден ала бастағанда тез қажып кетуіңіз ғажап емес. Сондықтан асықпай кіріскен абзал. Алға қойған мақсатыңызға қарай адымдап баса беріңіз. Негізгі жұмысыңызда жиі қиылысатын салаларды қарап көріңіз. Соның ішінен таңдап, басын бастаңыз. Ұнай ма, жалғастырғыңыз келе ме — түсінесіз. Ұнаса, ақырындап дамыта түсіңіз.   

Әріптестеріңізбен жақсы араласыңыз. Білмейтініңізді сұраудан ұялмаңыз. Өзіңізге ұнап тұрған саланың мамандарына барып, сауал қойғанда тұрған ештеңе жоқ. Түсіндірме сұрап, әлденені маманынан нақтылаған жақсы. Сонда олардың немен айналысатынан түсіне бастайсыз. Бәлкім, сол әріптестеріңіздің ішінде сізге жол көрсететін ментор да табылып қалар. Білгенін бөліскісі келетін маманнан барынша үйреніп алған жөн.

Жаңа салаларға біртіндеп тереңдей беріңіз. Күшіңіз бен әріптестермен жақсы байланыса алатын қабілетіңізге ғана сене бермеңіз. Өзіңіз қызығатын салада жан-жақты дамыңыз. Интернеттен материалдар оқыңыз, трениң, семинар, конференцияларға қатысыңыз. Қазір не көп — подкаст көп. Сала мамандарының сөзін тыңдаңыз. Бәлкім, бұл сала сізге қатты ұнап, курс оқығыңыз келіп кетер. Қалай болса да, қосымша білім алғанның еш зияны жоқ.

Шеберлігіңізді шыңдай түсініңіз. Жаңа, көлденең машықтарды үйренген кезде негізгі, тік орналасқан қызметіңіз жайлы ұмытып кетпеңіз. Өз салаңыздағы мықты бола беруіңіз керек. Оқуды, үйренуді тоқтатпаңыз. Тәжірибені молынан жинай түсіңіз. Саладағы эксперттік қабілетті арттырыңыз.

Өзімізді қалай дамытамыз?

Алдымен қандай қосымша машықтар қызық болатынын анықтап алыңыз. Ол үшін өзіңізге мынадай сауалдар қойыңыз:

СұрақСұрақтың жауабы нені көрсетеді?
Мен не нәрсені жақсы істей аламын? Не нәрсе мені қатты қуантады?Қай салада мықты эксперт екенін анықтауға көмектеседі
Қай салада мен енді бастаған маман да емеспін, бірақ мықты да емеспін?Негізгі саласына байланысты басқа салаларда қаншалықты қабілетті екенін көрсетеді
Мен не нәрсемен айналысқым келіп, бірақ айналыса алмай жүрмін?Осы сұраққа жауап берген кезде қандай жаңа бағытта дамуға болатынын анықтауға болады

Мысалы, сіз HR-мамансыз делік. Оның эксперттік саласы — рекрутиң және ұжым коммуникациясына арналған мәтіндер. Көптен бері суретке түсіріп үйренгісі келіп жүрген. Енді осы жоғарыдағы үш сұраққа шынайы жауап берсе, онда кәсіби түрде қалай өсуге болатынын анықтай алады.

Сондай-ақ оқыңыз