Golden Goose, Hyundai және Үндістандағы скутерлерге сұраныс: маусым айының ортасына таманғы IPO туралы басты жаңалықтар

Жарияланды

Golden Goose кроссовкалар брендінің IPO-сы – Италиядағы бір жылдан астам уақыттағы ең ірі IPO / Фото: X/Golden Goose

Инвесторлар танымал адамдар жақсы көретін Golden Goose кроссовка брендінің IPO-сына үлкен қызығушылық танытты. Тапсырыс кітабы бірінші күні-ақ толып кетті. Оңтүстік Кореялық Hyundai Үндістанда ел тарихындағы ең ірі IPO-лардың бірін өткізуді жоспарлап отыр. Ал Германияда автобуспен тасымалдаушы Flix компаниясы листинг жасау жоспарынан бас тартуға жақын. Өткен аптада IPO әлемінде не болғанын осы материалдан оқыңыз.

Болашақ орналастырулар туралы не білеміз?

— Италиялық Golden Goose люкс кроссовка шығарушы IPO-сына қатысуға өтінімдер кітабы ашылған күні-ақ, яғни 13 маусымда, толып кетті. О баста өтінімдер кітабына жазылу 18 маусымға дейін жүреді деп жоспарланған. Golden Goose акцияларының бағалық диапазоны 9,5-тен 10,5 еуроға дейін деп белгіленген. Компания мен оның акционерлері Golden Goose акцияларының шамамен 30%-ын сатуды жоспарлап, осылайша 558 млн еуроға дейін қаржы жинауды көздеп отыр. Ал компанияның жалпы құны 1,9 млрд еуроға жетуі ықтимал. Бұл IPO – Италияда соңғы бір жылдан астам уақыт ішіндегі ең ірі орналастыру болмақ.

— HMH Holding мұнай-сервис компаниясы АҚШ-та IPO ұйымдастыру үшін JPMorgan, Piper Sandler және Evercore банктерін таңдады деп хабарлайды Bloomberg. Листинг қыркүйек айының соңында өтуі мүмкін. HMH шамамен 1,5 млрд доллар немесе одан да жоғары бағаланады деп болжануда.

— Hyundai Motor 2024 жылы өзінің Үндістандағы бөлімшесінің IPO-сын өткізуді жоспарлап отыр деп хабарлайды Bloomberg дереккөздері. Reuters сұхбаттасқан тараптың айтуынша, Hyundai акцияларының шамамен 17,5%-ын сатып, 3 миллиард доллар қаржы табуды көздеп отыр. Hyundai Motor India листингі елдің қор нарығы тарихындағы ең ірі IPO-лардың бірі болмақ. Автокөлік өндірушілері Үндістанда соңғы 20 жылдан астам уақыт бойы бастапқы орналастыру өткізбеген. Bloomberg мәліметінше, IPO жылдың соңына жоспарланған.

— Lineage логистикалық компаниясы АҚШ-та IPO арқылы 3,5 миллиард долларға дейін қаржы жинауды жоспарлап отыр деп хабарлайды Bloomberg дереккөздерге сілтеме жасап. Агенттікке сұхбат берген бір тараптың айтуынша, бастапқы орналастыру шілде айында өтуі мүмкін. Бұл 2023 жылдың қыркүйегінде өткен Arm Holdings дебютінен бергі ең ірі листинг болады. Сол кезде компания 5,2 миллиард доллар тартқан еді.

— Немістің Flix автобус және саяхат операторы биржадағы листингтен басқа балама жолдарды қарастырып, компания үлесін сатпаққа инвесторлармен келіссөздер жүргізуде деп хабарлайды Reuters дереккөздері. Handelsblatt газетінің мәліметінше, Flix 30% үлесін сататын түрі бар. Мәміледе тұтас компания 3,2 миллиард еуроға бағалануы мүмкін. Бұл IPO-дан келетін қаржыдан көп болады деп сенеді Reuters-тің бір дереккөзі.

— StubHub онлайн билет сату қызметі АҚШ-та ықтимал IPO өткізу үшін Goldman Sachs, JPMorgan және Bank of America банктерімен жұмыс істеуде деп хабарлайды Bloomberg дереккөзі. Оның айтуынша, листинг шілде айында өтуі мүмкін.

— Ola Electric электр скутерлерін өндіруші Үндістанда 660 миллион доллар көлемінде IPO өткізуге реттеуші орган келісімін алды деп хабарлайды Reuters дереккөздері. Бұл елдегі электр көлігін жасайтын компанияның алғашқы листингі болмақ. Reuters агенттігіне сұхбат бергендер Ola акцияларын шілде айының ортасына дейін орналастыруды жоспарлап отырғанын айтады.

— Үндістандық Bajaj Housing Finance ипотекалық банкі IPO өткізуге өтінім беріп, 70 миллиард рупий (шамамен 838 миллион доллар) қаржы тартудан үмітті. Бұл Үндістандағы сайлаудан кейін берілген алғашқы листинг өтінімі.

— Инвесторлар Aeromexico авиакомпаниясының IPO-сы нәтижесінде 500 миллион долларға дейін қаржы табуды жоспарлап отыр деп хабарлайды Bloomberg. IPO өтетін мерзім әлі белгісіз.

— Малайзияда 2022 жылдан бері ең ірі IPO жоспарлануда. Johor Plantations Group атты пальма майын өндіруші және оның акционері 875 миллион акцияны (35% үлес) сату арқылы шамамен 156 миллион доллар қаржы тартамыз деп үміттенуде.

IPO-ны кейінге қалдырған не тіпті өткізбейміз деген кімдер?

— Британиялық Walgreens Boots Alliance компаниясы Boots дәріханалар желісінің листингі жөніндегі жоспарын кейінге қалдырып, бұдан басқа да жолдарды қарастырып жатыр деп хабарлады Bloomberg дереккөздерге сілтеме жасап. Бұрын агенттік осы компанияның құнын шамамен 7 млрд фунт стерлингке ($8,9 млрд) бағалауға болатынын жазған еді.

Соңғы IPO нәтижелері

— Британиялық Raspberry Pi компьютер өндірушісінің акциялары Лондон қор биржасындағы алғашқы сауда күнінің қорытындысы бойынша 37,5%-ға қымбаттады. Бұл орналастыру Air Astana дебютінен кейін, биыл Лондондағы ең ірі IPO тізімінде екінші орынға шықты. Raspberry Pi компаниясының IPO-сы нәтижесінде 166 млн фунт стерлинг (шамамен $211 млн) жиналды. Бүкіл бизнес шамамен 541,6 млн фунт стерлингке (қазіргі бағам бойынша шамамен $690 млн) бағаланды.

— Медициналық деректерді талдаумен айналысатын Tempus AI стартапы акцияларының бағалық диапазонының жоғарғы шегінде (әр акция үшін $37) IPO өткізді. Осы бағаға сүйене отырып, компания тұтас бизнесі шамамен 6,1 млрд долларды құрайтын шақта 410,7 млн доллар тартты. Алғашқы сауда күнінің соңындағы өсім 8,8% болды. — БАӘ-де Alef Education білім беру компаниясының акциялары IPO-дан кейінгі алғашқы сауда күнінің қорытындысы бойынша күтпеген жерден құлдырады: олардың құны IPO бағасынан 13%-ға азайып, сауда кезіндегі құлдырау 19%-ға жетті. Бірінші күні мұндай динамика Таяу Шығыс өңірінде сирек кездеседі деп жазды Bloomberg.

Сондай-ақ оқыңыз