S&P 500 жөніндегі рекордтық болжам, Еуропадағы мемлекеттік облигациялардың раллиі, АҚШ нарығындағы аномалия

Жарияланды
Уолл-стриттің «ФРЖ-мен ешқашан күреспе» деген аксиомасы жүрмей қалды / Фото: Reuters/Brendan McDermid

Уолл-стриттегі ең танымал аюлардың бірі Джулиан Эмануэль 2024 жылдың соңына қарай S&P 500 индексі бойынша болжамын күтпеген жерден 6000-ға (+10%), ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша 7000 пунктіге дейін көтерді. Сонымен қатар стратегтер акциялар бойынша стандарт модельдер мен болжам қағидалары енді жұмыс істемеуі мүмкін деп отыр. ФРЖ-ның жоғары мөлшерлемелер кезеңі ұзаққа созылуы мүмкін деген ескертуіне қарамастан, АҚШ-тағы қазіргі ралли әлі жалғасып жатыр. Осы және басқа да тақырыптар туралы өткен демалыс күндеріндегі әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Нарық ФРЖ-ның мөлшерлемелер туралы сигналдарын елемейді

Уолл-стриттің «ФРЖ-мен ешқашан күреспе» деген аксиомасы енді жүрмейді: реттеушінің жоғары мөлшерлемелер кезеңі ұзаққа созылуы мүмкін деген ескертулеріне қарамастан, Американың қор нарығындағы ралли әлі жалғасып жатыр. Бұдан да маңыздысы, ол бұрын стагнацияда болған секторларды да қамтуы мүмкін деп жазады Bloomberg.

EPFR Global және Bank of America деректері бойынша, өткен аптада технологиялық секторға 2,1 млрд доллар инвестиция құйылды. Бұл – 2024 жылдың наурыз айынан бергі ең жоғары апталық көрсеткіш. «Нарық инфляцияның төмендеу қарқынының бәсеңдеуі мен еңбек нарығының мықты көрсеткіштерін елемей отыр, бұл ФРЖ-ға биыл мөлшерлемелерді бірнеше рет азайтуға мүмкіндік бермейді», – дейді GLOBALT Investments компаниясының аға портфель менеджері Кейт Бьюкенен.

Шынында да, ФРЖ төрағасы Джером Пауэллдің өткен сәрсенбі, 12 маусымдағы баспасөз конференциясындағы қатаң ескертулері S&P 500 индексінің тарихта алғаш рет 5400 көрсеткішінен асуына кедергі болмады. Жалпы алғанда, бұл индекс 2022 жылғы қазан айында ФРЖ-ның пайыздық мөлшерлемелерді күрт көтеруі салдарынан аюлар нарығының төменгі деңгейіне жеткен сәттен бері 50%-дан астам өсті.

Енді инвесторлар алдында мынадай сұрақ тұр. ФРЖ ақыры мөлшерлемені азайту туралы шешім қабылдағанда нарықта не болмақ? Бұрындары мұндай жайт акциялардың табыстылығының өсуіне сеп болатын, бірақ ол үшін экономика рецессиядан құтылып, «қиындықсыз бәсеңдеу» сценарийіне шығуы керек. Қазір мұндай сценарийдің болуы екіталай, өйткені АҚШ экономикасының өсімі тұрақты болып тұр.

Атланта ФРБ-ның есебіне сай, елдің нақты ЖІӨ-сі екінші тоқсанда жылдық көрсеткіш бойынша 1,3%-дан (бірінші тоқсан көрсеткіші) 3,1%-ға дейін өседі. BMO Family Office инвестициялар жөніндегі директоры Кэрол Шлейф бұл жағдайда стандарт модельдер қолданылмайтынын атап өтті.

Дегенмен, US Bank Wealth Management компаниясының акциялар жөніндегі бас стратегі Терри Сандвеннің пайымынша, ФРЖ базалық мөлшерлеменің төмендеуін жақтайтындар нық ұстанымда болса, нарықтың дәстүрлі «қорғану сегменттері»: бөлшек сауда, жылжымайтын мүлік, коммуналдық қызметтер мен электр энергетикасы саласы өспек.

Evercore ISI S&P 500 индексінің өсуін болжап, мақсатты көрсеткішін 6000-ға дейін көтерді

Evercore ISI-дің акциялар және сандық бағалау жөніндегі бас стратегі Джулиан Эмануэль 2024 жылдың соңына қарай S&P 500 индексі бойынша болжамын 6000-ға дейін көтерді. Бұл – Bloomberg қадағалайтын ірі акциялар стратегтері арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Бұл көрсеткіш өткен жұмадағы индикатордың жабылу деңгейінен шамамен 10% жоғары.

Эмануэль – Уолл-стриттің ең танымал аюларының бірі. Бұрын ол S&P 500 жылдың соңында 4750 деңгейінде болады деп күткен еді. Алайда қаңтар айынан бастап индекс 14%-дан астам өсті. Стратег АҚШ экономикасының тұрақтылығы, корпоративтік кірістердің молаюы және ФРЖ саясатының жұмсаруынан оптимизмнің нарықты ынталандырып отырғанын мойындайды.

Оның жаңа болжамы өзге сарапшылардың болжамынан асып түсті. Ол 2025 жылдың соңына қарай S&P 500 индексі 7000-ға жетуі мүмкін дегенді де жоққа шығармайды.

«Пандемия бәрін өзгертті, – деп жазды Эмануэль жексенбі күні клиенттеріне арналған жазбасында. – Рекордтық ынталандыру шаралары, қаражат қалдығының артуы мен қарыз алу деңгейінің төмендігі тұтынушыларға демеу болуда. Содан кейін жасанды интеллект (ЖИ) пайда болды. Инфляцияның бәсеңдеп, ФРЖ-ның мөлшерлемені төмендету ниетіне қарап, экономиканың белсенділігі баяулайды деген үміт нығая түсуде».

Эмануэльдің айтуынша, акцияға шаққандағы пайдасы 238 доллар болғанда, S&P 500 индексі желтоқсанның соңына дейін 6000-ға көтерілуі баға мен пайда мультипликаторының 25-ке дейін өсуіне әкеледі. Бұл – тарихи орташа деңгейден жоғары, бірақ дотком дәуірінің ең жоғарғы көрсеткішінен (28) аз.

Ірі банктер арасындағы ең төменгі болжамға келсек, JPMorgan Chase & Co. 2024 жылдың соңына қарай S&P 500 мақсатты көрсеткіші 4200 деңгейінде, яғни қазіргі деңгейден 20%-дан астамға аз болады деген.

Лагард үкіметтерді жаһандық сауда ережелерін құрметтеуге шақырады

Еуропалық орталық банктің президенті Кристин Лагард HRT1 телеарнасына берген сұхбатында әлемде жаңа «геосаяси жік» пайда болу қаупі төніп тұрғанын айтып, үкіметтерді халықаралық сауда ережелерін құрметтеуге шақырды. Олай болмаған жағдайда әлемдік экономикаға үлкен нұқсан келетінін айтты: «Барлық ел ДСҰ ережелерін құрметтеп, сақтауы керек. Мен кейінгі кезде ережелердің барған сайын бұзылып жатқанын байқап, алаңдап отырмын».

Оның пікірінше, қазір «АҚШ бастаған дамыған елдер тобы мен дамушы нарықтық экономикасы бар елдер, атап айтқанда Қытай, арасында геосаяси жікке бөліну» байқалады. Өткен аптада Еуропалық комиссия 2024 жылдың 4 шілдесінен бастап Қытайдан келетін электромобильдер импортына қолданыстағы 10%-дық мөлшерлемеге қоса 17,4%-дан 38,1%-ға дейінгі мөлшерде кедендік баж салығы салынатынын жариялады.

Франциядағы дағдарыстың Еуропадағы облигациялар раллиіне айтарлықтай кері әсері болмайды

Bloomberg-тің жазуынша, қазір Еуропадағы мемлекеттік облигациялар раллиі Франциядағы сайлау төңірегіндегі жағдайға қатты әсер ете алмайды. ЕО-дағы ақша-несие саясатының жұмсаруынан кейін еуропалық облигациялар халықаралық инвесторлар үшін тартымды бола бастады. Сәуір айында АҚШ қазынашылық облигацияларының неміс облигацияларымен (аймақтағы ең қауіпсіз қарыз) салыстырғандағы табыстылығы үшін төленетін сыйақы мөлшері бес жылдағы ең жоғары деңгейге жетті.

Vanguard Group және Jefferies International инвесторлары Еуропа елдерінің, облигацияларын сатып алған дұрыс деп санайды. Әсіресе, оңтүстік аймақ елдерінің BlackRock және Pacific Investment Management ұйымдарының негізін қалаушы Билл Гросс Еуроодақтың қарызы АҚШ-тың мемлекеттік қарызынан асып түседі деп есептейді. BlackRock-тың жаһандық инвестициялық стратегиясы бағытының жетекшісі Вэй Ли Францияны қоспағанда, Еуропадағы жалпы бюджеттік траектория АҚШ-қа қарағанда жақсы екенін айтады. Pimco компаниясының өкілі Гросс атап өткендей, АҚШ-тағы қарашадағы президент сайлауына қатысты белгісіздік қазынашылық облигацияларға айтарлықтай әсер етіп, оның қасында еуропалық бағалы қағаздарды әлдеқайда тартымды етеді. «Бұл құрлықтағы облигациялар раллиін тоқтату үшін Франциядағы саяси хаостан да зор бірдеңе қажет, – дейді Париждегі Ostrum Asset Management компаниясының негізгі тұрақты табыс секторындағы ақпараттық технологиялар директоры Александр Каминад. – Бірақ осы құбылу тоқтап, жағдай тұрақтанған кезде, төнген қауіп-қатер Францияға ғана тән болып қалады». Алайда сарапшылардың бәрі осындай пікірде емес. Nedgroup Investments компаниясының тұрақты табыс бөлімінің басшысы Дэвид Робертс еуропалық мемлекеттік облигациялар көлемі осы бір тұрақсыздық пен тәуекелдердің орнын толтыруға жетпейді деп есептейді.

Сондай-ақ оқыңыз