Жаңалықтар

Stellantis ЕО-да қытай электромобильдерін құрастыруды бастады

Stellantis Еуропада құрастыра бастаған алғашқы қытайлық электромобиль Leapmotor T03 / Фото: Hu Xiaofei/VCG/Reuters

Stellantis пен қытайлық Leapmotor стартапының бірлескен кәсіпорны Еуропада электромобильдер құрастыруды бастады. Еуропалық Одақ Қытайдан әкелінетін электромобильдерге кедендік баж салығын күрт көтеріп еді, жаңа кәсіпорынға жоспарын тиісінше өзгертуге тура келді.

Толығырақ

Stellantis өзінің Польшадағы зауытында Leapmotor электромобильдерін құрастыруды бастады деп жазады Reuters Jefferies аналитикалық есебіне сілтеме жасап. Leapmotor басшылығының Jefferies сарапшысына хабарлағанындай, өткен аптада Польшаның Тыхы қаласындағы Stellantis құрастыру зауытында алғашқы T03 шағын электромобильдері конвейерден шыққан, ал олардың жаппай өндірісі қыркүйек айына жоспарланған.

Бұған қоса, Jefferies дерегінде Stellantis пен Leapmotor бірлескен кәсіпорнының Польшада 2025 жылдың бірінші тоқсанында екінші электромобиль – Leapmotor A12 кроссоверін құрастыра бастайтыны айтылған. Кәсіпорын Еуропалық Одақта локализацияланған автокомпоненттерді шығаруға да дайындалуда.

A12 моделінің әлдебіреу «бейресми» түрде түсіріп алған фотосуреттері биыл сәуір айында жария болды. Мамандандырылған БАҚ бағалауына сай, кроссовердің дизайны Stellantis-тің ЕО-ға жеткізгісі келген Leapmotor C10 моделіне ұқсас. Сол кезде Carnewschina сайты жазғандай, Leapmotor A12 моделін – C10 концепциясын одан әрі дамыту үлгісі деп түсінуге болады, жаңа үлгі осы жылдың соңында ресми түрде таныстырылмақ.

Reuters мақаласында айтылғандай, экспортқа шығаруға басымдық беріп жасалған Leapmotor-дың алғашқы моделін (C10 электрлік паркетнигі) «бастапқы кезеңде» қазіргідей Қытайда құрастырып, кейін Еуропаға экспорттауды жоспарлап отыр.

Stellantis акциялары Миландағы сауда-саттықта 0,1%-ға өсті. Жыл басынан бері бұл автокөлік өндіруші нарықтық құнының 11%-ын жоғалтты.

Арзаны қайда?

Jefferies-тің Leapmotor басшылығына сілтеме жасай отырып айтуынша, Stellantis-тің Польшадағы зауытындағы өндірістік шығыны – бір автомобильге 400-500 еуро. Leapmotor-дың электромобильдерді Қытайда құрастыру шығындары да осы шамада. Leapmotor-дың мәлімдеуінше, электромобильдерді Италияда құрастыру екі есе қымбатқа түседі.

Контекст

Өткен аптада Еуропалық комиссия Қытайдан әкелінетін электромобильдерге шілдеден бастап 10%-дық мөлшерлемеге қосымша кедендік баж салығын енгізетінін жариялады. Қосымша баж салығының мөлшері өндірушіге байланысты, мысалы BYD үшін 17,4%, SAIC үшін 38,1% аралығында болмақ. Reuters-тің мәліметінше, Leapmotor ЕО-ға  қосымша 21% импорттық баж салығын төлеуі керек.

Қытайдан ЕО-ға жеткізілетін электромобильдерге кедендік баж салығының өсуіне байланысты Stellantis пен Leapmotor құрастыру жұмыстарын Қытайдан ішінара көшіру туралы шешім қабылдады деп жазды The Wall Street Journal басылымы Stellantis-тің басшысы Карлос Тавареске сілтеме жасап. Таварестің айтуынша, Stellantis компаниясы жаңа өндіріс орнын айқындау үшін кедендік шығындардың шекті мәндерін белгілеген. Мамыр айында АҚШ Қытайдан әкелінетін электромобильдерге баж салығын төрт есе (биыл 25%-дан 100%-ға дейін) көтеретінін жариялады. 2025 жылдан бастап Қытайдың жартылай өткізгіш компоненттеріне салынатын баж 50%-ға дейін өседі. Жалпы алғанда, 2024–2026 жылдардағы баж салығының артуы Қытайдың АҚШ-қа экспорттайтын тауарларына жыл сайын 18 миллиард доллар шамасында әсер етеді.