Көміртегі бейтараптығы, жасыл энергетиканың өркен жаюы сияқты мәселелер бой көтергелі «көмір өндірісі көлеңкеде қалар ма екен?» деген алаңдаушылық туғаны рас-ты. Әрине, көмір залалы туралы жиі айтылады. Тіпті елдегі бірқатар жылу энергетикалық орталықтарда көмірден газға көшу бойынша да бастамалар да бар. Бірақ экспорттық әлеуетімізді ойлайтын болсақ, көмірдің пайдасын әлі де көп уақыт көруіміз керек қой деген ой келеді. Осы мәселелер таяуда елордада өткен Astana Mining & Metallurgy 14-ші халықаралық конгресінде талқыға негіз болды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, біз сирек және сирек жер металдарын өндірушіміз, тиісінше осы арқылы ауқымды әлеуетке иеміз деп айтуға толық негіз бар.
«Қазақстанның басты міндеті – энергетика тұрғысынан жаһандық тізбектің бір бөлігі атану. Қазақстандағы ірі тау-кен компаниялары мен металлургиялық компаниялар отандық тауар өндірушілерді қолдау аясында ұзақмерзімді келісімшарттар жасасып жатыр. Яғни импортты алмастыру және 20 млрд теңге сомасындағы келісімшарттарға осы форум аясында қол қойылады»,– деп мәлімдеді министр.
Еліміздің тау-кен саласы отандық жалпы ішкі өнімнің 10-ын иеленеді. Қазіргі уақытта сала 12 трлн теңгенің өнімін өндіріп отыр. Саладағы компаниялар 195 мың адамды жұмыспен қамтиды, тиісінше, бұл – өнеркәсіп саласындағы жұмысшылардың 31 пайызы, яғни үштен бір бөлігі.
«Сала интенсивті түрде дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция 3 млрд долларды құрады. Бұл бүкіл өнеркәсіптің 17 %-ы. Мұндай көрсеткішке саланың жоғары деңгейлі экспорттық потенциалы арқасында қолжеткіздік. Экспорттан түскен әрбір төртінші доллар тау-кен саласының өніміне тиесілі. Жиынтығында бұл 19 млрд доллар болады»,– деп түсіндірді министр.
Расында, еліміздің шикізаттық потенциалы индустриалды даму мен экономикалық өсімге әсер етеді. Алтын, күміс, мыс, мырыш, қорғасын, никель, темір және басқа да пайдалы қазбаларды қоса алғанда, көмір, металдардың қолда бар қоры мен өндірісі бойынша Қазақстан әлемде жетекші позицияға ие болып отыр.
- Вольфрам бойынша 1-орын;
- Хром кені бойынша 2-орын;
- Қорғасын бойынша 3-орын;
- Мыс бойынша 8-орын.
958 кен орыны
Мемлекет балансындағы қатты қазба байлықтың 958 кен орыны анықталған. 2018-2023 жылдар аралығында салаға 1 млрд долларға жуық инвестиция тартылды. Бұл ретте инвестицияның жылдық көлемі 3 есе артты (2023 жылы инвестиция 240 млн доллар болды).
Былтыр электронды аукционда геологиялық барлау құқығы үшін ірі шетелдік және қазақстандық компаниялар (Riotinto, Fortescue, Kratos Resources, Cove Capital, Kazakhmys Corporation, ERG Exploration, Kazgeology) бәсекеге түсті. Олардан 90 млн долларға жуық инвестиция құйылады деп күтілуде.
Осы айда тағы 23 кен орны (көмір, алтын, фосфорит, түсті тастар, боксит, барит, марганец, полиметалдар және басқалар) аукционға шығарылмақ. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап CRIRSCO халықаралық үлгісі негізінде дайындалған KAZRC қорлары туралы есеп беру стандарттарына көшу жүргізілді. Елдің жер қойнауын зерттеуді арттыру мақсатында 1,9 млн шаршы шақырым аумақта өңірлік геологиялық зерттеу жүргізілді. 2026 жылға қарай жер қойнауын зерттеу аумағын 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Көмірдің «көмегі»
Көмір өнеркәсібі форумы – конгресс аясындағы маңызды тақырыптардың бірі болды. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтың айтуынша, электр энергиясын өндірудің 70%-дан астамында көмірдің көмегі бар.
«Салада 32 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Қазіргі өндіру қуаттылығының қарқынымен Қазақстан 300 жыл бойы өзін көмірмен қамтамасыз ете алады. Мұндай жағдай елімізді өндіру деңгейі бойынша әлемдегі жетекші орындардың біріне айналдырады. Алайда сала жасыл энергетикаға көшумен, логистикалық проблемалармен және әлемдік нарықтағы бағаның құбылмалылығымен байланысты бірқатар қиындықтарға тап болады. Бұл факторлар көмір өндіру көлемінің төмендеуіне әкелді: 2023 жылы 113 млн тонна өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн тоннаға аз, ал осы жылдың алғашқы төрт айында өндіру өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 млн тоннаға азайды», – дейді.
Оның сөзінше, тәуекелдерді азайту және көмір өндіру деңгейін сақтау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл ретте вице-министр мәселелерді шешуге көмектесетін үш негізгі бағытты атап көрсетті:
Біріншісі – көмір өндірісін таза көмір технологияларын қолдану арқылы сақтау жайы. Бұл қазірдің өзінде бірқатар Еуропа және Азия елдерінде қолданылады. Министрлік осы технологияларды енгізу үшін энергия өндіруші компаниялармен, Энергетика министрлігімен және шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты күшейтуге ниетті.
Екіншісі – көмір химиясын дамыту көмір өндіруді сақтауға және ұлғайтуға ғана емес, сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің өсу көзіне айналдыру тұрғысынан перспективалы бағыт болып саналады. Жақында қазақстандық көмір кәсіпорындарының Қытайға сапары көмірден жоғары маржиналды өнімдерді алу мүмкіндігі расталған. Қазір Қазақстанда көмір химиясын дамыту үшін қытайлық капитал мен технологияны тарту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Үшіншісі – логистиканы жақсарту. Шекара маңындағы елдермен байланысты конвенциялық тыйымдар жағдайында Қазақстан көмірді экспорттық жеткізудің едәуір бөлігін жоғалтты. Министрлік осы мәселелерді шешу үшін Көлік министрлігімен және шекаралас елдердің тиісті органдарымен жұмысты күшейтуге ниетті.
Көмір өңдеу
«Kazakh Invest» басшысы Ержан Елекеевтің айтуынша, Қазақстанда көмір-химия саласы бойынша әлемдік көшбасшы атануға үлкен мүмкіндік бар.
«Үлкен ресурстық базаға және ыңғайлы географиялық орналасуға ие бола отырып біз көмір химиясы саласының потенциалын пайдалануымыз қажет. Көмірді терең өңдеген жағдайда шикізаттан 25-30 есе қымбат тұратын өнім алуға болады. Қазіргі уақытта Қазақстанда көмірден алынатын өнім үлесі 3 пайызды құрайды. Бұл көмір химиясы даму деңгейінің тым төмен екенін айғақтайды. Көмір бағасы мұнай және газ бағасымен салыстырғанда төмен әрі тұрақты. Алдын ала есептеу бойынша, пайдаланылмаған потенциал 25 млрд долларды құрап отыр»,– дейді сарапшы.
Қытайдағы көмір бағасы тоннасына 150-170 долларды құраса, біздегі баға тоннасына – 25-30 доллардың маңайы. Сарапшының айтуынша, бізде көмір қайта өңдеу бағытындағы шикізат ретінде қабылданбайды. Оны тек жылу мен электр энергиясын өндіру үшін ғана пайдаланып әдеттеніп алдық.
«Қазақстанда ауқымды шикізат базасының бар екенін ескерсек және әлемдік трендтерге қарайтын болсақ, бізге көмірді өңдеудің жаңа процесін дамыта түсу қажет болады. Бұл жағдай жоғарғы шекті өнім өндіруге жол ашады. Жалпы алғанда, көмірді қайта өңдеуден өткізу арқылы 400-ден астам әртүрлі өнім алуға болады. Көмірден жаңа өнім түрлерін алу жаңа өткізу нарықтарына шығуға да мүмкіндік береді, олар – Еуропа, Қытай және ТМД елдері. Өз кезегінде көмір өңдеу ісін жолға қою экспорттық әлеуетімізді де арттырады»,– дейді.
Химия ғылымдарының докторы Болат Ермағамбеттің айтуынша, көмір химиясы саласын өркендету ел экономикасына мол игілік алып келер еді. Ол көрінуі мүмкін нәтижелерді былай тізбелейді.
- Көмір химиясын дамыту көміртегі бейтараптығын қамтамасыз етеді және зиянды шығарылымдарды 50-60 пайызға азайтады;
- Электр энергиясы, агроөнеркәсіп кешені, таза ауа, таза суды орнықты дамумен қамтамасыз етуге мүмкіндік ашылады;
- Жабдықтарды, аспаптарды, датчиктерді дайындауға арналған машина жасау кешені іске қосылатын болады. Біз өзіміз кері және тікелей әсер ететін газ генераторларын, сепараторларды, скрубберлерді, сорғыларды, датчиктерді шығаруымыз керек;
- Зауыттарда, университеттерде мамандар, инженерлер, жоғары сыныпты конструкторлар дайындалады;
- Технология халықтың қалыпты өмір сүруі үшін қажетті өнімдерді ала отырып, газдандыру, электропиролиз, сапасыз көмірді, құрамында көміртегі бар қалдықтарды гидрогенизациялау өнімдері негізінде түпкілікті өнімдерді өндіруге бағдарланатын болады;
- Көмір газы табиғи газға қол жетімділігі жоқ халықты тұрмыстық газбен қамтамасыз етуі керек.
Сонымен қатар көмір химиясы саласында жоғары және орта арнаулы білімі бар мамандардың тапшылығы байқалады. Саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін білім беру және кәсіптік даярлау жүйесін дамыту қажет дейді сарапшылар.
Ересектер санына қатысты балалар санының жыл сайынғы өсуі өскелең ұрпақты экономиканың нақты секторына тарту бойынша белсенді шараларды талап етеді. Бұл көмір химиясындағы мамандықтарды танымал етуді және олардың кәсіби өсуіне жағдай жасауды қамтиды. Көмір химия өнеркәсібі үшін ғана емес, экономиканың басқа да негізгі салалары үшін инженерлік және техникалық кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырысты жариялау маңызды. Бұл елдің технологиялық дамуы үшін тұрақты база құруға көмектеседі. Бұл V форумда айтылған маңызды ойлардың бір бөлігі.
Көмір қоры
Сарапшылардың пайымынша, елдегі көмір қорының көлемі – 34 млрд тонна. Белсенді пайдаланғанның өзінде осыншама көмір 300 жылға жетеді. Көмір қоры мұнай мен газ қорынан бірнеше есе асып түседі. Кей өңірлерде өндірістің қазіргі көлемі жағдайында 250 жылға жетеді. Елдегі көмір қорының 90 пайыздан астамы солтүстік және орталық аймақтарда шоғырланған. Ең ірі көмір бассейндері Қарағанды және Павлодар облыстарының аумағында орналасқан. Нақтылағанда – Екібастұз (12,5 млрд тонна),Қарағанды (9,3 млрд тонна)және Торғай (5,8 млрд тонна) көмір бассейндері. Еліміз көмір қоры бойынша әлемде 8-орында. Елдегі анықталған 155 көмір кен орнының 40-тан астамында өнеркәсіптік қор бағдарланған.
Өткен жылыту маусымы кезінде (2023 жылдың мамырынан 2024 жылдың сәуіріне дейін)теміржол транспорты арқылы 103 млн тонна көмір тасымалданыпты. Оның 73,5 млн тоннасы ел ішінде тасылса, 29,5 млн тоннасы экспортқа шығарылған. Алда келе жатқан жылыту маусымына қажетті көмір көлемі былтырғы деңгеймен шамалас – 74 млн тонна.
«Қазақстан Темір Жолы» ҰК өкілдерінің айтуынша, көмір тасымалы процесін ашықтықпен қамтамасыз ету үшін компания арнайы интерактивті жүйе әзірлеген. Сол арқылы көмір тиеу жоспарын талдап, бақылап отырады және тәуліктік жоспардың орындалуын қадағалайды.