Халықтың алған несиесі бизнестің кредитінен асып түсті: жыл басынан бері экономикаға 35,8 трлн теңге кредит құйылған
Жыл басына бері экономика берілген несие көлемі 35,8 трлн теңгені құрады. 2024 қаңтарынан бергі өсім 3,5 пайыз болған. Бұл сомаға банктердің бизнеске берген несиесі, халықтың алған ипотекасы, МҚҰ-ның ұсынған қарызы, квазимемлекеттік ұйымдардың («Бәйтерек» ҰХБ еншілес ұйымдары) нақты секторға берген несиесі жинақталған. Ұлттық банк дерегі бойынша, экономикаға берілген несиенің жартысына жуығы – банк секторының бизнеске берген несиесі. Берілген несие жыл басынан 0,4 – ға өсіп, 16,5 трлн теңгені құраған. Ал халықтың алған несиесі 5 айда 6,2% өсім көрсетіп, 19,3 трлн теңгеге жетті.
«Қарыз алушылардың санаттары бойынша кредиттердің жалпы көлемінің 46,1% – ы бизнес кредиттеріне тиесілі (бизнес мақсаттарына кредиттер алған қаржылық емес заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер), 53,9%–ы халыққа берілген кредиттерге тиесілі», – делінген ҰБ хабарламасында.
Экономикаға берілген 35,8 трлн теңге несиенің 30,86 трлн теңгесі банк секторынан түскен. Банк секторына екінші деңгейлі банктер мен «Қазақстан Даму Банкі» АҚ жатқызылады. Ал қалған 4, 98 трлн теңгені басқа ұйымдар берген. «Басқа ұйымдарға» микроқаржы ұйымдары, квазимемлекеттік сектор субъектілері, ипотекалық ұйымдар кіреді.
Ұлттық банк мәліметінше, ұлттық валютадағы кредит көлемі жыл басынан 3,7 пайыз өсіп, 32,8 трлн теңгеге жеткен. Ал шетел валютасында берілген несие көлемі 1,3% өсім көрсетіп, 3,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Банк секторының кредиттері жалпы несие көлемінің 86,1%-ын құрады.
2023 жылы ЕДБ-нің экономикаға берген несиесі 22,4%-ға өсіп, 27,933 трлн теңгеге жеткен еді. Соның ішінле ылтыр банк секторы бизнеске 16 трлн теңге жаңа несие берген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 22% немесе 2,9 трлн теңгеге артық. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары былтырғы көрсеткіш Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген межеден асып түсті деп тұжырымдайды.