«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры былтырғы 38,6 млрд теңге таза пайдасының 70 пайызын жалғыз акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингіне дивиденд ретінде төлемек. 2023 жыл үшін төленетін 27 млрд теңге дивиденд 2022 жылғы көрсеткіштен 2 есе көп. Акционердің шешімі Қазақстан қор биржасында орналастырылған.
Акционер қордың 2023 жылғы таза пайдасын 38,6 млрд теңге деп бекітіп, оның 70 пайызын дивиденд ретінде төлеуді бекіткен. Ал таза пайданың қалған 30 пайызы – 11,6 млрд теңгесі қор иелігінде қалмақ.
Кәсіпкерлікті дамыту қорының бір қарпайым акциясына шаққандағы дивиденд мөлшері – 973,06 теңге болып бекітілген. Дивиденд шешім шығарылған сәттен 90 күн ішінде «Бәйтерек» холдингінің есепшотына аударылады.
2022 жылы қор 52 миллиард теңге таза пайда тауып, 13,4 миллиард теңге дивиденд төлеген болатын. Яғни таза пайдасының 25 пайызын дивиденд төлеуге жұмсап, қалған 38,5 миллиард теңгені қор өз иелігінде қалдырды. Бір жыл ішінде «Даму» қорының таза кірісі 26%-ға қысқартқанымен, екі есе көп дивиденд төлемек.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры 1997 жылы сәуірде құрылды. Шағын және орта бизнесті дамытуды қолдаумен айналысады. Жалғыз акционері – «Бәйтерек» холдингі Қазақстан үкіметіне тиесілі. Жақында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Қазір қор директорлар кеңесінің құрамы 5 адамнан тұрады: Нұрлан Байбазаров, Елена Бахмутова, Райымбек Баталов, Рустам Қарағойшин, Гаухар Бурибаева.