Форбс тізіміне кіретін миллиардердің отбасына тиесілі зауыт 2023 жылы таза пайдасын 10 есе арттырған

Жарияланды
Шығарушы редактор
«Ақтөбе мұнай жабдықты зауытының» таза пайдасы өскен /Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Миллиардер Дінмұхамед Ыдырысовтың отбасына тиесілі «Ақтөбе мұнай жабдықты зауытының» 2023 жылғы таза пайдасы 10 еседей өскен. 2022 жылы зауыттың таза пайдасы 58,6 млн теңгені құраса, былтыр 491,7 млн теңге тапқан.

Қазақстан қор биржасында жарияланған аудиторлық есепке сүйенсек, зауыт 2001 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелген. 2004 жылы акционерлік қоғам болып қайта құрылған. Зауытта 174 адам жұмыс істейді.

Кәсіпорын мұнай кәсібі мен бұрғылау, геологиялық барлау жабдықтарын шығарады. Есепке сәйкес, 2023 жылы дайын өнімнің 80%-дан астамы «Маңғыстаумұнайгаз» (47%), «Өзенмұнайгаз» (21%), «Қаражанбасмұнайға» (14%) сатылған. Басқа сатып алушылардың үлесі 18%-ды құрайды.

Зауыттың активтері бір жылда 6,1 млрд теңгеден 7,7 млрд теңгеге дейін өскен. Ал міндеттемелері бір жылда 48% артып, 2,3 млрд теңгеден 3,5 млрд теңгеге жетіпті. Зауыттың меншікті капитал көлемі де көбейген. 2022 жылы меншікті капиталы 3,8 млрд теңгеге тең болса, былтыр жыл соңында 4,2 млрд теңгені құраған.

Компанияның 2023 жылғы түсімі 2022 жылмен салыстырғанда, 11,5 млрд теңгеден 8,5 млрд теңгеге дейін қысқарған. Зауыт шығарған өнімнің өзіндік құны 2022 жылғы 9,2 млрд теңгеден 2023 жылы 5,8 млрд теңгеге төмендеген. Нәтижесінде жалпы пайда 2,6 млрд теңгені құрағанымен, түрлі шығындарды шегерген соң, таза пайда 491,7 млн ​​теңге көлемінде қалыптасқан.

Қор биржасында зауыттың 600 мың акциясы жарияланған. Есепте компания акцияларының 29,9%-ы Оңғарбек Болысбековке, 29,9%-ы Дінмұхамед Ыдырысовтың әйелі Магда Ыдырысоваға, 28,38%-ы Ordabasy Group ЖШС-ге, 11,69 пайызы Лаззат Бидашеваға тиесілі екені көрсетілген. 0,13 пайызы басқа жеке тұлғалардың иелігінде. eGov.kz порталынан алынған дерекке сүйенсек, Ordabasy Group құрылтайшылары  – Дінмұхамед Ыдырысов пен Жармұхамед Аппаз.

Дінмұхамед Ыдырысов Forbes тізімінде Қазақстандағы ең бай бизнесмендер арасында 17-ші орында тұр. Ол Ordabasy Group-тан бөлек Шымкент, Қарағанды, Түркістан және Маңғыстауда жұмыс істейтін «Қазақстанның коммуналдық жүйелері» компаниясына ие.

Сондай-ақ оқыңыз