2023 жылмен салыстырғанда 6,5% төмен: қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға 4,8 трлн теңге инвестиция салынған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Жыл басынан бері негізгі капиталға қанша инвестиция салынды? / Фото: kursiv.media

2024 жылғы қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға 4,8 трлн теңге ивестиция салынған. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бұл көрсеткіш 2023 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 6,5% аз. НКИ индексі жыл басында 100,6-ға тең болса, мамыр айында бұл көрсеткіш 93,5-ті құрап отыр.

2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестиция 5,07 трлн теңгені құраған.

Негізгі капиталға кәсіпорындар жеке қаражатын инвестициялайды. Жыл басына бері компаниялардың негізгі капиталға салған инвестиция көлемі 3,6 трлн теңгені құраған. Бұл жалпы инвестиция көлемінің 74,6%-на тең.

Бюджет қаражаты негізгі капиталға салынған жалпы инвестиция көлемінің 12,1%-ын құраған. Бұл көртсеткіш те 2023 жылғы қаңтар-мамыр айларымен салытырғанда салыстырғанда 9,2% аз. Ал экономиканың нақты секторын қаржыландырудағы банк саласының үлесі 3,9% ғана.

Қандай салалаларға инвестиция салынды?

2024 жылғы қаңтар-мамырда негізгі капиталға салынған инвестициялардың басты үлесі өнеркәсіп (44,9%) (оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібіне және карьерлерді қазуыға –26,7%, өңдеу өнеркәсібіне –10,5%), жылжымайтын мүлікпен операциялар (22%), көлік және жинақтау (14,4%), ауыл, орман және балық шаруашылығына (4%) тиесілі.

Күрделі инвестиция көлемінің жартысына жуығын ірі және орта кәсіпорындар салып отыр. Жалпы шығынның 62,2%-ы ғимарат мен құрылыс салуға жұмсалады. Ал 30%-дан астамы машиналар, жабдықтар және көлік құралдарын сатып алуға кетеді.

Қай өңірлер озық тұр?

Незігі капиталға салынған инвестицияның басым бөлігі Атырау облысына (15,9%) тиесілі.

Қызылорда (40,1%-ға), Түркістан (23,2%-ға), Жамбыл (22,8%-ға), Жетісу (21%-ға) және Солтүстік Қазақстан (20,3%-ға) облыстарында негізгі капиталға салынған инвестицияның артқаны байқалады.

Есесіне Ақмола(39%-ға), Атырау 34,6%, Абай облысы (24,7%-ға), Манғыстау (16%-ға), Ақтөбе (13,1%-ға), Батыс Қазақстан (9,3%-ға) және Қостанай (3%-ға) облыстарында төмендеген.

2024 жылғы қаңтар-сәуірде бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға төмендеген болатын.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі неге маңызды?

Негізгі капиталға инвестициялар – инвесторлардың жаңа құрылыс, сондай-ақ объектінің кеңейту (объектінің бастапқы құнының ұлғаюына әкеп соғатын) жағдайында инвесторлар үшін экономикалық, әлеуметтік немесе экологиялық әсер алу мақсатындағы инвестициялар, машиналар, жабдықтар, көлік құралдарын сатып алу, негізгі табынды, көпжылдық екпелерді қалыптастыруға кететін шығындар және т.б. Бұл – Ұлттық статистика бюросының терминге берген анықтамасы.

Бұл көрсеткіштің өзгеруі Премьер-Министр, Ұлттық экономика министрі мен облыс әкімдерінің бақылауында. Бүгінгі инвестиция көлемі ертеңгі экономикалық өсімді анықтайды. Сондықтан шенеуніктер жалпы ішкі өнім өсіміне жауапты болып тұрған шақта, бұл мәселе олардың ерекше назарында болады.

Кейінгі 20 жылда жылдық мәнде бұл көрсеткіш небәрі екі рет: 2009 және 2020 жылдары тиісінше 3,0 және 3,9%-ға қысқарған. Сондықтан да айналдырған бір тоқсанда негізгі капиталға салынған инвестицияның қысқаруы – назар аудартатын оқиға.

Негізгі капиталға салынған инвестиция динамикасы мен сапасы – Қазақстан экономикасының түйкілді тұстарының бірі. Мұны Ақордада да байқап отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы жолдауында 2029 жылға дейінгі реформалардың мақсаты «6-7 пайыз деңгейіндегі тұрақты экономикалық өсім» болатынын атап өтті. Биыл ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында да Президент осы көрсеткіштің жалпы ішкі өнімге қатынасы әлсіз екеніне тоқталды. Соңғы 10 жылда бұл көрсеткіш 15–18% аралығында қалыптасса, кейінгі үш жылда төменгі шекке жақындап қалған.

«Негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып барады. Бұл күрделі жағдай деуге болады. Себебі экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін», – деген еді Тоқаев.

Сондай-ақ оқыңыз