Интернетте белгісіз ер адамның әйелді ұрып-соғып жатқаны жайлы бейнежазба тарап жатыр. Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, видеодағы ер адам қоғам қайраткері Арман Шораев. Шораев «Курсивке» бейнежазбаның өзіне қатысы жоқ екенін айтады.
Михаил Козачковтың Telegram арнасында жарияланған видеода еркектің әйелді ұрып-соғып, оны көлікке отырғызбай жатқанын көруге болады. Журналистің сөзінше, кадрда қоғам қайраткері Арман Шораев және онымен бірге тұратын әйел бейнеленген. Журналист әйелдің өтініш жазудан бас тартқанын айтады.
«Курсив» сауалына жауап берген қоғам қайраткері Шораев бейнежазбаның өзіне қатысы жоғын айтты.
«Бәрі өтірік. Ешқашан ешкімді ұрған емеспін. Арандату және Козачков жасап жүрген ақылы қара пиар. Видео жасанды интеллект көмегімен жасалған болар», – деп түсіндірді Шораев «Курсив» тілшісіне.
Сондай-ақ қоғам қайраткері журналист Михаил Козачковтың үстінен арыз жазатынын айтты.
Артынша, Астана қалалық полиция департаменті бұл видеоға қатысты түсініктеме берді.
«Өзінің бірге тұратын әйеліне дене жарақатын келтіру фактісі бойынша азамат А.Ш.-ға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайлар анықталуда»,- делінген департамент хабарламасында.
Шораев «Хабар» агенттігі бас директорының орынбасары, Президент әкімшілігінің әлеуметтік-саяси бөлімінің бас инспекторы, КТК телеарнасының бас директоры болды. Сондай-ақ 2004 және 2023 жылдары Мәжіліс депутаттығына кандидат болды.
Қазақстанда 16 маусымда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң күшіне енді. Енді ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жаза ретінде айыппұлдар, қоғамдық жұмыстар және 50 тәулікке дейін қамауға алу тағылады. Заңға енген өзгерістерге қатысты сенатор Жанна Асанованың пікірін жариялаған едік.