Алматы әуежайы аумағында автотұрақ кезең-кезеңімен жабылады
Алматы халықаралық әуежайы аумағында автотұрақтар кезең-кезеңімен жабылады. Бұл туралы әуежай баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы халықаралық әуежайы аумағында автотұрақ орындарын көбейту мақсатында жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргізілуіне байланысты автотұрақтар кезең-кезеңімен жабылады», – делінген әуежай хабарламасында.
Әуежай баспасөз қызметі жолаушыларға Ахметов көшесі маңынан кіретін Оңтүстік автотұрақты пайдалануды ұсынды. Сондай-ақ әуежайға келуді алдын ала жоспарлауды сұрайды.
Ақпаратқа сүйенсек, жөндеу жұмыстары 2024 жылдың қыркүйек айына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Алматы әуежайының жаңа терминалы 1 маусымнан бастап іске қосылып, таңертең терминалға Лондоннан Алматыға ұшып келген алғашқы жолаушыларды қарсы алды.
31 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапарымен келіп, Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалын аралаған.
Еске сала кетсек, қаңтарда TAV Airports Holding басшысы құрылыс жұмыстарының 87%-ға аяқталғанын мәлімдеді. Ол жаңа терминал осы жылдың маусымында ашылатынын айтқан еді.