Қазақстанда 7500-ге жуық оқушы мектепті «Алтын белгіге» бітірген

Жарияланды
Министрлік мәліметінше, 7420 түлек «Алтын белгімен» марапатталған / Фото: kursiv.media

Биыл 7420 түлек «Алтын белгі» алған. Бұл жайлы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің хабарлауынша, 2024 жылы 186 мың оқушы 11 сынып бітірген. Оның ішінде 7420 түлек «Алтын белгімен» марапатталса, 13 727 түлек жалпы орта білім туралы үздік аттестат алған.

Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылын 3,8 млн-нан астам оқушы аяқтаған болатын. Ал 2024-2025 оқу жылында бірінші сыныпқа 370 мыңнан астам бала барады деп күтілуде.

Сонымен бірге министрлік орта білім беру ұйымдарында 2024-2025 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін бекітті. 

Министрдің бұйрығына сәйкес, алдағы оқу жылы 2024 жылғы 1 қыркүйектен – 2025 жылғы 25 мамырға дейін жалғасады.

Бірінші тоқсанда оқу 8 аптаға созылады. Бірінші тоқсанның күзгі демалысына 7 күн беріледі. Оқушылар 2024 жылғы 28 қазаннан бастап 3 қараша аралығында демалады.

Екінші тоқсанда да оқушылар 8 оқиды. Қысқы демалыс 2024 жылғы 30 желтоқсаннан бастап 2025 жылғы 8 қаңтарға дейін 10 күнге созылады.

Үшінші тоқсанда оқушылар он апта оқып, 11 күн демалады. Демалыс 2025 жылғы 21-31 наурыз күндеріне беріледі. Айта кетейік үшінші тоқсанда 1-сынып оқушыларына қосымша демалыс қарастырылған. Олар 2025 жылғы 3-9 ақпан аралығында демалады.

Төртінші тоқсанда 8 оқу аптасы бар. Бұл тоқсан 25 мамырда аяқталады. Бұйрықта мемлекеттік аттестациялау мерзімі де бекітілген. Емтихан тапсыру 29 мамыр мен 12 маусым аралығында өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз