Бес жылдан бері өткізіліп келген Digital Bridge форумына қанша қаражат жұмсалды – Цифрлық даму министрлігінің жауабы
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі биылғы су тасқынына байланысты Digital Bridge 2024 халықаралық IT-форумы өткізілмейтінін хабарлады. «Курсив» редакциясы бұл шарадан министрліктің қанша қаражат үнемдейтіні жайлы сұрады. Алайда ведомство форумның жеке демеушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын айтып, нақты қанша ақша жұмсалатыны туралы мәлімет бермеді.
«Astana Hub-қа Digital Bridge форумын қаржыландыруға республикалық бюджеттен қаражат бөлінбейді. Қаражатты жеке демеушілер мен серіктестер қамтамасыз етеді. 2024 жылы форумның өткізілмеуіне байланысты демеушілер мен серіктестер тарту мәселесі қарастырылмады», – делінген министрлік жауабында.
«Курсив» 2018 жылдан бері өткізіліп келе жатқан шараға жыл сайын қанша қаражат жұмсалатыны жөнінде де сұрады. Бұл сұраққа да нақты жауап берілмеді. Ведомство әр жылы өткен шараға қанша қаражат кеткені жайлы деректер «Ашық бюджет» көрсетілгенін айтқан. Бірақ бұл шара демеушілер арқылы қаржыландырылатын болса, неге оның шығындары мемлекеттік «Ашық бюджет» порталына енгізілгені түсініксіз.
«Digital Bridge форумы 2018 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Форум республикалық және демеушілік қаражат есебінен қаржыландырылады. Республикалық бюджет есебінен форум шығыстары бойынша ақпарат «Ашық Бюджет» порталының ашық көзінде қолжетімді»,- делінген жауапта.
Яғни ведомство екітүрлі жауап беріп отыр. Мұнда шараның респбликалық бюджет есебінен де қаржыландырылатыны айтылған. Өкінішке қарай, «Ашық бюджет» порталынан іздеп, нақты Digital Bridge жобасына жұмсалған қаражат туралы ақпаратты таба алмадық.
Десе де, министрлік бұл шараның пайдасы жайлы толыққанды жауап берген. Ведомство мәліметінше, Digital Bridge форумы технологиялық кәсіпкерлікті танымал етуде және стартаптар мен IT-компанияларды жаңа нарықтарға шығаруда маңызды рөл атқарады. Бес жыл өткізілген форум нәтижесінде халықаралық серіктестік орнатуға мүмкіндік туған. Сондай-ақ тәжірибе мен білім алмасуға және қазақстандық қатысушылардың инновациялық жобаларын Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар алыс және жақын шетелдерде әлеуетті инвесторлар мен қаржы институттарына ұсынуға жағдай жасалған.
«Форум Қазақстандағы ІТ-индустрияны дамытуға, шетелдік инвестицияларды және ірі халықаралық компанияларды тартуға жол ашады. Бұл IT-сектор мен ел экономикасына оң әсер етеді», – делінген министрлік жауабында.
Атап айтқанда, форум алаңында ІТ-компаниялар өз өнімдері мен қызметтерін кең аудиторияға ұсына алады. Солайша Қазақстандағы ІТ-қызметтердің экспортының өсуіне ықпал етпек. Министрліктің хабарлауынша, форум нәтижесінде елдің ІТ-қызметтерінің экспорттық әлеуеті артқан. Мәселен, еліміздің ІТ-экспорты 2020 жылы 34 миллион АҚШ доллары көлемінде болса, 2023 жылы 529 миллион долларға көтерілген. Бұдан бөлек Digital Bridge алаңында танымал шетелдік IT- компаниялармен ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік туып, қазақстандық стартаптарға инвесторлар тартылған.
Еске сала кетсек, мамырда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Digital Bridge 2024 халықаралық IT-форумы өтпейтінін хабарлады. Бұл шешім президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі су тасқыны жағдайына байланысты ірі іс-шаралардан бас тарту туралы тапсырмасына сәйкес қабылданған. Аталмыш форум Астанада 2024 жылдың 5-7 қыркүйегінде өтуі керек болған.
Мұның алдында мемлекет басшысы су тасқынына байланысты қаражатты үнемдеу мақсатында Үкіметке жоспарланған имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізуден бас тартуды тапсырған болатын.