Алматыдағы атақты Горельник демалыс аймағында антисанитариялық жағдай қалыптасқан. Осыған куә болған азамат президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдады.
Демалыс орнына барған ол өз видеосында киінетін бөлмелердің жағдайын көрсеткен.
«Бұл Алматыдағы ең танымал туристік локация – Горельник деген жер. Мынау киім ауыстыратын бөлме. Өте лас. Бұл бір сұмдық! Мұның барлығын адамдар қалдырған. Ешкім артынан тазаламайды», – дейді видео авторы.
Видеодан үйшіктің іші босаған бөтелкелер мен басқа қоқыстарға толып қалғанын көруге болады. Демалыс орнының осындай күйі жанына батқан саяхатшы президентке үндеу жолдайды.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, елге шетелден туристерді шақырмас бұрын, алдымен адамдардың философиясын, халықтың идеологиясын, мәдениетін өзгертіп алу керек секілді. Содан кейін туризмді дамыту керек шығар», – деді.
Еске сала кетсек, 13 маусым күні Мемлекет басшысы туризмді дамыту жөнінде кеңес өткізіп, онда отандық туризмнің дамымауына кедергі болып жатқан факторларды атаған болатын. Президент елде тазалық мәселесі әлі де жолға қойылмағанын, табиғи орындардың ластанып жатқанын айтқан. Тоқаев тазалық сақтау халықтың сана-сезіміне байланысты екенін атап өтті.
«Қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Бірақ өткір мәселелер де аз емес. Өкінішке қарай, өзен-көлдің жағасын, орман ішін қоқысқа толтыратындар әлі де азаймай тұр. Тазалықты сақтау үшін арнайы экологиялық шаралар өткізуге мәжбүрміз. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатқанын білесіздер. Бұл жұмыстың тиімді болуы, ең алдымен, жұрттың сана-сезіміне байланысты. Әрине, азаматтардың экологиялық сауатын көтеру де маңызды. Осыған орай Мәдениет, Экология, Оқу-ағарту министрліктері нақты шараларды қолға алуға тиіс. Бұл бағытта ағартушылық жұмыстармен ғана шектелуге болмайды. Кез келген азамат табиғатта емін-еркін демалуы үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Турист қай жерге тұрақтап, қай жерде от жағуға рұқсат етілгенін білуі керек. Сондықтан демалыс орындарында осындай лайықты инфрақұрылым болуы қажет. Бұл мәселемен әкімдіктер айналысуға тиіс», – деді Тоқаев.