Алматы әкімдігі «Алтын жас» бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін зейнеткерлердің жалақысын субсидиялайды

Жарияланды
зейнеткерлерді
Зейнеткерлерді жұмыспен қамтуға бағытталған жоба 2024-2026 жылдар аралығында жүзеге асырылады / Фото: kursiv.media

Алматыда зейнеткерлерді жұмыспен қамтуға арналған «Алтын жас» бағдарламасы іске қосылды. Бұл жайлы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов хабарлады.

Басқарма басшысының хабарлауынша, бұл бағдарлама бойынша Алматыда 200-ге жуық жұмыс беруші зейнеткерлерді жұмысқа орналастыруға дайын.

«Бұл бағдарламамен 2024 жылы кемінде 500 адам, 2025 жылы 1000 адам, 2026 жылы 1500 адам қамтылады»,- дейді Жаубасов.

Бағдарламаны іске қоспай тұрып, олар зейнет жасында жұмыс істеуге ниетті адамдардың статистикасын шығарған. Статистикаға сенсек, Алматыда 247 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Басқарма жүргізген сауалнамаға зейнет жасына толған 1 076 алматылық зейнеткер қатысқан. Оның қорытындысы бойынша 80 жасқа дейінгі адамдардың 48%-ы жұмысты жалғастыруға ниетті екенін білдірген.

Осыны ескере келе «Алтын Жас» бағдарламасы әзірленген. Бұл бағдарламаға Алматы қаласында тұратын және тіркелген жасы бойынша зейнеткерлер, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан, Алматы қаласының жұмыс берушілері қатыса алады.

«Алтын жас» бағдарламасын іске асыру 2024-2028 жылдарға жоспарланған. Өтінім 2026 жылға дейін қабылданады. Зейнет жастағы адамдардың қатысу мерзімі 36 айдан аспайды. Бағдарлама қатысушыларға субсидияланған жалақыны қамтамасыз етумен ерекшеленеді.

«Бағдарлама бойынша зейнет жасындағы адамдардың жалақысын төлеу жұмыс берушінің қаражаты есебінен белгіленген жалақы мөлшерінің кемінде 50% көлемінде жүргізіледі және жергілікті бюджет қаражатынан субсидияланады. Бірақ Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес тиісті қаржы жылына белгіленген бір ең төменгі жалақыдан аспауы керек»,- дейді басқарма өкілі.

Жаубасовтың айтуынша, негізінен денсаулық сақтау, білім беру, өнеркәсіп салаларындағы дәрігерлер, педагогтар, кіші және орта медициналық қызметкер, сонымен қатар, электрик, монтер, эколог және т.б. мамандықтарға сұраныс жоғары. Алдағы күндері бұл мамандықтардың толық тізімі жасалып, жарияланады.

Жұмыс берушілерге бағдарламаға қатысу үшін:
  • бос жұмыс орнын көрсете отырып, өтінімді a.jas@almaty.gov.kz электрондық пошта арқылы ұсынып, оны Enbek.kz электрондық еңбек биржасының онлайн-сервисіне «зейнеткер үшін» белгісімен орналастыруы керек.
  • берілген өтінімдер негізінде Алматы қаласының еңбек мобилділігі орталығы ұйымдардың тізбесін жасайды.
  • егер сіздің ұйымыңыз жұмыс берушілер тізбесіне кірсе, сізге зейнеткерді әңгімелесуге жібереді, сәтті өткен жағдайда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек шарты жасалады;
  • бұдан кейін бағдарламаға қатысушыны жұмысқа қабылдау туралы бұйрықты және еңбек шартының көшірмесін Алматы қаласының еңбек мобилділігі орталығына ұсыну қажет. Сондай-ақ құжаттардың сканерленген көшірмелерін Enbek.kz.электрондық еңбек биржасының онлайн-сервисіне орналастыру сұралады.
Жұмыс істеуге ниетті зейнет жасындағы адам мынадай әрекеттерді орындау керек:
  • Достық даңғылы, 85, 2 қабат, 201 А каб. мекенжайы бойынша Алматы қаласының мансап орталығына немесе a.jas@almaty.gov.kz электрондық поштасы арқылы жұмысқа орналасу туралы өтінішпен жүгіну қажет.
  • Орталық қызметкерлері түйіндеме жасауға және жұмыс берушілер тізбесіне енген ұйымдарда қолайлы жұмыс орнын таңдауға көмек көрсетеді және әңгімелесуге жолдама береді.
  • жолдама берілгеннен кейін Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек шарты жасалатын жұмыс берушімен әңгімелесуден өту қажет.
Сондай-ақ оқыңыз