Германияда із-түссіз жоғалған экс-судья әйелдің денесі Эрлах карьерінен табылды: оған зорлық-зомбылық көрсетілгені анықталды
Германияда із-түссіз жоғалды делінген экс-судья әйелдің денесі Бенсхайм қаласы маңындағы Эрлах карьерінен 16 маусым, жексенбі күні табылды.
Дармштадт прокуратурасы мен Оңтүстік Гессен полициясының штаб-пәтерінің баспасөз мәлімдемесінде 2024 жылдың 4 маусымынан бастап іздеу салынған 40 жастағы әйел Айгүл Сайлыбаеваның мәйіті деп көрсетілген. Сараптама нәтижесінде оның зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмғаны анықталды. Күдіктіні бұл қылмысқа не итермелегені жұмбақ күйінде қалып отыр.
Германияның құқық қорғау органдары шұғыл іске кірісті. «Эрлах» кісі өлімі» бөлімі құрылып, тергеу ісіне 35-тен астам қызметкер жұмылдырылды. Мәйіт табылған жер мұқият зерттелуде. Тергеушілер бұл аумақты нақты қылмыс болған жер емес деп жорамалдайды.
Одан бөлек жәбірленушінің отбасынан жоғалған тағы бір 49 жастағы әйелді іздестіру жұмысы жалғасып жатқаны айтылған. Бұған қатысты тергеу ісі үзілмеген.
«Екі әйелдің жоғалып кетуі мен кісі өлтіру арасындағы ықтимал байланыстың қаншалықты екені белгісіз және тергеу нысанасы болып отыр.
Халықтан ақпарат алу үшін «Эрлах» кісі өлімі бөлімі бүгін сағат 16.00-ден бастап 06151/ 969 53200 телефон желісін іске қосты», – делінген неміс құқық қорғау органдары таратқан хабарламада.
Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваға қатысты іс – министрлік назарында
ҚР Сыртқы істер министрлігі марқұмның туысқандырына құқықтық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.
«Германия қылмыстық полициясының Қазақстан Республикасының Франкфурттағы Бас консулдығына берген ақпаратына сәйкес, 16 маусымда Бенсхайм қаласының маңында әйелдің мәйіті табылды. Криминалистер сот-медициналық сараптама жүргізуде. Өз кезегінде, полицияның ауызша алдын ала берген ақпаратына сәйкес, сыртқы белгілері бойынша мәйіт ҚР азаматы Айгүл Сайлыбаева деп танылды.
Қазіргі уақытта марқұмның туыстары Германияда және оларға барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде. ГФР құқық қорғау органдары тиісті тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Бұл іс туралы өзге ақпарат тергеу мүдделері үшін жарияланбайды», – делінген министрлік хабарламасында.
Оқиғаның мән-жайы
4 маусым күні Германияда Қазақстан азаматы жоғалып кетті. Бір аптадан бері хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық әйел Астана қаласы Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы, «Болашақ» түлегі. Осы жағдайға қатысты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров пікір білдірді.
СІМ ресми өкілінің айтуынша, 5 маусымда Майнда Франкфурт қаласындағы ҚР-ның бас консулдығына Қазақстан азаматтары 2024 жылғы 3 маусымда қызының жоғалып кеткенін айтып арыз түсірген.
Он күн өткен соң Айгүлдің ағасы Қанат Сайлыбаев Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Германия Сыртқы істер министрлігіне визалық қолдау көрсетуді сұрап, үш ресми өтініш жолдағанын, алайда неміс билігінен әлі жауап жоқ екенін, соған алаңдап отырғанын айтқан. Хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық әйелдің отбасына Бенсхайм қаласында тұратын мүдделі азаматтар қолұшын созды. Неміс полициясы қылмыстық іс қозғады.
Ақырында Айгүл Сайлыбаеваны іздеу үшін туыстарына виза алуға Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі көмектесті.
«Жоғалған азаматшамыздың анасы мен ағасына Германияға виза алуға көмектестік. Полициямен тығыз байланыстамыз, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жақын арада ақпарат болады деп күтеміз. Әзірше бар ресми ақпарат осы», – деген еді Айбек Смадияров баспасөз брифингінде.