Ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитеті құрылады

Жарияланды (жаңартылды )

Туризм және спорт министрлігіне қарасты Ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитеті құрылады.

«Ашық НҚА» порталында «Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасы жарияланды. Қаулы жобасы бойынша министрлік туралы ережеге өзгерістер енгізіледі.

«Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті оның құрамынан Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесі мен  лотереяны реттеу комитетін бөліп шығару жолымен қайта құрылсын», – делінген құжатта.

Бұл жоба министрлік құзіретін кеңейте түспек. Ведомство бірқатар мәселені жедел  шешуге қауқарлы болады.

«Қаулы жобасын қабылдау нәтижесінде ойын бизнесін және лотереяны реттеу Комитеті құрылады және жобаны қабылдау осы комитетке салалық мәселелерді дербес және жедел шешуге мүмкіндік береді», – деген түсініктеме берілген.

Лотоклубтар саны қысқарады

2023 жылы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев еліміздегі барлық лотерея терминалына тексеру жүргізуді ұсынып, үкіметке сауал жолдаған. Депутатқа сол кездегі қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жауап берді. Ол елімізде «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заң қабылдағанға дейін елімізде шамамен 30 мыңға жуық заңсыз ойын аппараты жұмыс істегенін айтты. Лотерея аппараттары дербес жұмыс істеп, ұтыстарды өздері реттеген. Кәмелетке толмағандар да ойынға қатысты және клуб иелері салық төлемеген.

Министр жауабынан 2028 жылға қарай лотоклубтардың жалпы саны 200-ге дейін қысқартылатыны мәлім болды.

Ойын бизнесі бойынша шектеу шаралары күшейтілді

Енді елімізде мемлекеттік және әскери қызметкерлерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салынбақ. 2024 жылдың маусым айында Мәжіліс «Кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады. Ойын бизнесі, лудоманиямен күресті реттеуге арналған түзетулерді депутаттар қолдады. Бұл тыйым 280 мыңға жуық шенеунік пен әскери және бюджеттік ұйымдар басшыларының тәртібін қадағалауға септігін тигізеді.

Заң бойынша борышкерлердің бірыңғай реестріне енген қазақстандықтар бәс тігіп, казино ойнай алмайды.

«Бұл шамамен 3,5 миллион адам. Біз оларды букмекерлік кеңселер мен казинолардың әлеуетті клиенттері деп санаймыз. Мемлекеттік және  әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары бәс тіге алмайды. Бұл шамамен 280 мың адам. Оларға ешқандай ескерту болмайды. Яғни бәс тіккен жағдайда бірден жұмыстан шығарылады», – деді Мәжіліс отырысында Елнұр Бейсенбаев.

Депутат қазақстандықтардың белгілі бір тобына құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге тыйым салынатынын атап өтті. Олардың қатарына 21 жасқа толмаған тұрғындар бар. Оған қоса ойынға және бәс тігуге қатысуына шектеу қойылған, оның ішінде өзін-өзі шектеген (6 айдан 10 жылға дейін), сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енген азаматтар кіреді.

Сондай-ақ оқыңыз