2024 жылы кәсіп иелері мен олардың жұбайлары 250.00-нысан бойынша салық есебін өткізуге міндетті. Бұл — жемқорлықпен күресу үшін, сонымен бірге салық базасын ұлғайтып, бюджетке түсетін түсімді арттыру мақсатында жасалып отырған шара. Есепті қалай және қашан тапсыруға болады? Тапсырмаған жағдайда не болады? Осы туралы материал дайындадық.
Есіңізде болса, декларация тапсыру процесі 2021 жылдың 1 қаңтарынан басталған. Ол кезде мемлекеттік құрылымда қызмет ететіндер мен олардың жұбайлары тапсыруға міндеттелген. Екінші кезеңі 2023 жылдың қаңтарынан жалғасты. Бұл уақытта мемлекеттік қызметкерлер, бюджет және квазимемлекеттік секторда істейтіндер мен жұбайлары тапсырған еді. Ал үшінші кезеңі биылғы 1 қаңтардан басталды. 2024 жылдан бастап 250-нысан бойынша декларацияны бизнесмендер — басшылар, құрылтайшылар мен заңды тұлға қатысушылары мен жұбайлары, ЖК иелері мен жұбайлары тапсырады. Жеке кәсіпкерлігі тоқтап тұрғандар да, айналымы жоқтар да тапсыруға міндетті. 2024 жылдың 1 қаңтарында сіздің ЖК тіркеліп тұрған болса, одан кейін жапсаңыз да осы жылдың есебін тапсыруыңыз керек болады. Келесі жылдан бастап декларацияны қазақстандықтар түгел тапсырады.
250-форманы тапсыратын мерзім
Бұл формалы декларацияны жылына бір рет қана тапсырасыз. Оның ішінде 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта иелігіңізде болған мүлікті түгел көрсетуіңіз керек. 2024 жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей өткізу шарт. Одан кейінгі жылдары кәсіпкерлер 270-форма бойынша декларация тапсырады. Яғни алдыңғы жылмен салыстырғанда бір жыл ішінде не алды — соны көрсетеді. Егер айтылған мерзім ішінде тапсырып үлгермесеңіз, алдымен ескерту келеді. Оны елемесеңіз, қайтадан хабарлама келіп, сізге 15 АЕК яғни 55 380 теңге айыппұл салынады. 250-форма үлгісін мына жерден жүктеп алуға болады.
Декларацияда не көрсету керек?
- Елден тысқары жерде тіркелген жылжитын және жылжымайтын мүлікті;
- Құнды қағаздарды;
- Шетел банктеріндегі шоттарда 1 мың АЕК-тен (3 692 000 теңге) асатын соманы;
- Құйылған таза алтындарды;
- Авторлық құқықтарды;
- Қолма-қол ақша 10 мың АЕК-тен асатын болса, көрсету керек. Одан көп болса, 10 АЕК деп көрсетіп, қалғанын банк шотттарына салып қойған жөн.
- нотариус куәландырған дебиторлық және кредиторлық қарыздарды;
- Құны 1 мың АЕК-тен асатын өзге де мүліктерді;
Қалай тапсырамыз?
Декларация тапсырудың бірнеше тәсілі бар. Біріншісі — eGov.kz арқылы. Сайтта арнайы бөлім бар.
- Алдымен авторизациядан өтіп алыңыз. Одан кейін «Онлайн сұрау» деп басыңыз;
- Декларацияны толтырыңыз (250-форма);
- Өтінімге ЭЦҚ арқылы қол қойыңыз;
- Алған қызметтеріңіздің тарихында (жеке кабинеттегі) өтінімнің қабылданғаны туралы хабарлама бар-жоғын тексере аласыз.
«Салық төлеушінің кабинеті» арқылы
Мұнда да дәл алдыңғыға ұқсас жолмен тапсыруға болады. Сілтемесі — мына жерде.
e-salyqАzamat қолданбасы арқылы
Ұялы телефонға арналған бұл мобайл қолданбаны App Store мен Google Play-ден жүктеп ала аласыз. Авторизациядан өту үшін ЭЦҚ, СМС, ЖСН және құпиясөз керек болады. Қолданбаны ашқан соң «үш сызық» тұрған жерді басыңыз. Ол экранның сол жақ жоғары бұрышында орналасқан. Сондағы ашылған мәзірден «Декларация тапсыру» батырмасын басыңыз. Бірінші тұрған «250.00 —Активтер мен міндеттемелер туралы декларация» дегенге кіріңіз. Форманы бірнеше кезеңге бөліп тапсырасыз.
Банктер арқылы
Банктердің мобайл қолданбалары арқылы да тапсыруға болады. Мысал үшін Kaspi.kz қолданбасын алып қарастырайық. Ол үшін «Мемлекеттік қызметтерге» кіріп, «250-нысандағы декларацияны» басыңыз. Мына деректерді көрсетуіңіз керек:
- Телефон нөміріңіз
- Тұрақты тіркеуде тұрған жеріңізге қарасты салық органы. Нақтысын анықтау үшін 1414 нөміріне хабарласып біле аласыз.
Одан кейін экранда әрмен қарайғы қадамдар көрініп тұрады. Декларация тапсырып болған соң, 1 сағат көлемінде Kaspi.kz мобайл қолданбасына мемлекеттік органның қабылдағаны туралы хабарлама келеді. Яғни есептің қабылданғанын не қабылданбағаны айтылады. Себебі мен одан кейін не істеу керегі де көрсетіледі. Егер өтінімді демалыс күні не мерекеде жіберсеңіз, онда ол жұмыс күнінде қаралады.
Жиі қойылатын сұрақтарға жауап
- Неге 250-форма бойынша 1000 АЕК-тен көп қолма-қол ақша көрсете алмаймыз? Себебі Қаржы министрлігінің ережесі солай. Декларацияда көрсете алатын шек — 1000 АЕК. Егер сізде қолма-қол ақша бұдан көп болса, есеп жылының 31 желтоқсанына дейін банктегі шотттарға салынуға тиіс. Еліміздің заңына сәйкес, екінші деңгейлі банктер салық төлеушілердің банктегі шоттары жайлы деректерді тапсырып отырады. Сондықтан оны декларацияда көрсетудің қажеті жоқ.
- Декларацияны дұрыс толтырмадым. Енді не істеймін? Өкініштісі, банктердің мобайл қолданбасы арқылы жолданған өтінімді өзгерте алмайсыз. Тұрғылықты жеріңізге қарасты салық органына не ХҚКО-ға хабарласыңыз. Сонымен қатар, есепті салық төлеушінің кабинеті, электрон үкімет порталы, ESalyq Azamat мобайл қолданбаларынан онлайн түзете аласыз. Ескерте кететін жайт: декларацияда деректерді толық көрсетпесеңіз не жалған ақпарат берсеңіз, алғашқыда ескерту аласыз. Бір жылдың ішінде сол жағдай тағы қайталанса, онда 3 АЕК айыппұл салынады. Егер салық органы жасырған мүлік не кірісіңізді анықтаса, онда ол деректерді қосымша есепке енгізесіз. Енгізбесеңіз, салық сомасының 200 пайызы мөлшерінде айыппұл салуы мүмкін.
- Қымбат мүлкім бар. Бірақ бағаланған құны жоқ. Не істеймін? Бағалатып, мүлікті декларацияға қосасыз. Оны кез келген бағалау компаниясы арқылы жасауға болады. Құны 1000 АЕК-тен қымбат мүлікті сатқанда салық органдары тарапынан мәселе туындамас үшін қажет. Бағаланбаған мүлікті декларацияға енгізу міндетті емес. Десе де, сатқан кезде қайдан шыққанын дәлелдеп, түскен пайдадан салық төлеуіңіз қажет болады.
- 250-формадағы декларациядағы инвестиция қорларындағы пайлар деген не? Бұл — нақты құжаты жоқ, бағалы қағаз. Пай қорының қатысушылары ақшасын акция, облигация не басқа да активтерге инвестициялайды. Сөйтіп олардың құны өскенде пайда көреді.
- Қарыз бердім. Енді ол ақшаны декларацияда қалай көрсетемін? Сізден қарыз алған адамның деректерін, қай валютада бергеніңізді, сомасын көрсетуіңіз керек. Борышкерге қолхат жазғызып, нотариус арқылы растаңыз.
- Бөліп төлеуге зат алғанмын. Оны декларацияда көрсетемін бе? Қазақстандық банктен алынған болса, көрсетудің қажеті жоқ. Декларацияға елден тыс жерлердегі бөлеп төлеуге алған заттар туралы ақпаратты, атап айтқанда кредитордың деректерін, қай валютада, қанша алғаныңызды көрсетуіңіз керек.
- Декларацияда шотта қалған ақша туралы ақпарат беруім керек пе? Жоқ, ел ішіндегі шоттар туралы деректері банктер береді. Декларацияда Қазақстаннан тысқары елдердегі жалпы сомасы 1 000 АЕК-тен асатын банк шоттары мен депозиттегі қаражат жайлы мәлімет беруіңіз қажет.
- Шотыма бұғат қойылған. Оны декларацияда көрсетуім керек пе? Жоқ, жыл соңында банктер салық органдарына бұл деректерді өздері тапсырады.
- Қарызға ақша алған едім. Оны декларацияға көрсетуім қажет пе? Иә, көрсетесіз. Кімнен және қанша ақша алғаныңызды көрсетесіз. Оны нотариуспен растау міндетті. Қазақстан банктерінен қарыз алған болсаңыз, көрсетудің қажеті жоқ.
- Алған несиелерім бар. Оны көрсетемін бе? Жоқ, қазақстандық банктен алынған болса, көрсетудің қажеті жоқ. Ал тысқары жерден алынса, она кредитордың деректерін, соманы көрсетуіңіз керек.
- Менен қарыз алған адам ақшаны қайтарды. Енді оны қалай көрсетемін? 250-нысан бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда былтырғы 3» желтоқсанға дейін қайтарылған соманы қолма-қол ақша деп көрсетсеңіз болады. Егер қарызды сәл кейінірек қайтарған болса, онда борышкер жайлы деректер көрсетесіз. Нотауриспен растау міндетті.
- Компаниям қазір жұмыс істемейді. Сонда да декларация тапсырамын ба? 2024 жылы ЖК, ЖШС не басқа да заңды тұлға иелері мен басшылары, олардың жұбайлары форма бойынша декларация тапсыруға міндеттеледі. Егер компанияңызды 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін жауып тастасаңыз, онда биыл тапсырмайсыз. Келесі жылы барлық жеке тұлға декларация тапсырған кезде ғана өткізуіңіз керек болады.
- Жеке кәсібімді 2024 жылы аштым. Биыл декларация тапсырамын ба? Жоқ, тапсырмайсыз. 2024 жылы 250-форма бойынша есепті жұмыс істеп тұрған компаниясы барлар мен олардың жұбайлары тапсырады. Бизнесіңіз биылғы 1 қаңтарға дейін ашылған болуы керек. Егер одан кейін тіркелген болса, онда сіз декларацияны 2025 жылы тапсырасыз.
Жалпыға бірдей декларациялау жақындаған сайын қазақстандықтар заңнан ілік іздеп әлек. Заңнан ілік табу мүмкін бе? Табысты жасырып қалу үшін оны қалай қолдануға болады? Егер салық органдары толық ақпарат бермегенін білсе не болады? «Курсив» осы және салық декларациясын толтыруға қатысты сұрақтардың жауабын кеңесшілерден сұрап білген.