Жаңалықтар

«ҚазАгроҚаржы» лизингпен ауыл шаруашылығы техникасын 5%-бен алуға өтініш қабылдауды бастады

Жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында бөлінген қаражат сомасы – 100 млрд тенге / Фото: архив kursiv.media

«ҚазАгроҚаржы» АҚ «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасына өтінім қабылдауды бастайды. Лизингпен техника және отандық көлік жабдықтарын алғысы келген фермерлер 2024 жылдың 17 маусымынынан бастап өтініш бере алады. Бұл туралы «ҚазАгроҚаржы» холдингінің баспасөз қызметі хабарлады. 

«Бағдарлама аясында фермерлер қажетті отандық жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып ала алады. Бұл бастаманы жүзеге асыруға мемлекет 100 млрд теңгені қаржыландырып отыр», – делінген хабарламада.

 «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасы

Лизинг нысанасы Қазақстанда құрастырылған, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы болу шарт. Сонымен қатар:

  • Жылдық мөлшері 5%;
  • Лизинг мерзімі 7 жылға дейін;
  • Сыйақы мөлшері жылдық 5%;
  • Бірінші лизингтік төлем – кемінде 10%, лизинг нысанасын алғаннан кейін 2024 жылғы 1 желтоқсаннан кешіктірмейтін мерзімде төлеу мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасы елімізде өндіріліп құрастырылған отандық ауыл шаруашылығы техникасын қаржыландыруға бағытталған.

Өтініштер компанияның Telegram-боты арқылы қабылданады. Өтініш берілген күннен 5 жұмыс күні арасында клиент «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ға барлық қажетті құжатты өткізуі тиіс.

Анықтама

 «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы Холдингі» АҚ компаниялар тобына кіреді. Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге лизингтік қызметтер көрсететін ірі қаржы институты. Компания 24 жылдан астам уақыттан бері еліміздің аграрлық секторында техникалық жарақтандыруды дамыту аясында қызмет етіп келеді.

Несие ұйымы ақпанда «Жеңілдікті лизинг» және «Қазақстанда жасалған» жеңілдік бағдарламаларына өтінім қабылдаған. Бұл бағдарламаға лизингпен техника және отандық көлік жабдықтарын алғысы келген фермерлер өтініш берген. 

Айта кетейік «ҚазАгроҚаржы» таза кірісінің 70 пайызын акционері – «Аграрлық несие корпорациясына» дивиденд төлеуге бағыттайды. Компания 2023 жылы 18,9 млрд теңге таза пайда тапқан.