Жаңалықтар

Германияда із-түссіз жоғалған қазақстандық әйелдің туыстарына виза берілді

Жұмбақ жағдайда жоғалқан Айгүл Сайлыбаеваны туыстары әлі іздеп жатыр / Коллаж: архив kursiv.media

Екі аптадан бері із-түссіз жоғалған қазақстандық Айгүл Сайлыбаеваны іздеу үшін туыстары Германияға аттанды. Экс-судьяның жақындарына виза алуға Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі көмектесті.

Сыртқы Істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қазақстандық азаматша Айгүл Сайлабаевадан әлі ешқандай хабар жоқ екенін мәлімдеді.

 «Жоғалған азаматшамыздың анасы мен ағасына Германияға виза алуға көмектестік.  Полициямен тығыз байланыстамыз, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жақын арада ақпарат болады деп күтеміз.  Әзірше бар ресми ақпарат осы», – деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз брифингінде.

Айта кетейік 5 маусымда Германияның Франкфурт қаласындағы ҚР-ның бас консулдығына Қазақстан азаматтарынан арыз түскен. Қазақстандық әйелдің туыстары оның 3 маусымнан бері хабар-ошарсыз кеткенін айтқан.

Айгүл Сайлыбаева Астана қаласы Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы, «Болашақ» түлегі. Экс-судьяның жоғалғаны туралы ақпаратты алғашқылардың бірі болып қазақстандық  журналист Гүлмира Абықай жариялап, әлеуметтік желіде жазба қалдырды. Ол Айгүл Сайлыбаева күйеуі мен енесінен тұрмыс-зорлық-зомбылық көруі мүмкін екенін айтады.

«Германияда қазақ қызы жоғалды! Айгүл Сайлыбаева Астана қаласы Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы, «Болашақ» түлегі. Ол күйеуі Александр Донцовпен бірге 2019 жылы елден кеткен. Өзінен біраз жас кіші, бірнеше шет ел азаматтығы бар күйеуімен әлемнің біраз елінде тұрып келген. Ресей, Американы айналып, соңғы кезде Германияның Бейншейм шаһарына тұрақтаған екен. Соңғы 4 күннен бері елдегі туыстарымен байланысқа шықпаған Айгүлді бауыры Қанат Сайлыбаев іздеп шарқ ұрып отыр. Сорақысы сол, ағасы көзі ашық, көкірегі ояу судья әйел күйеуі мен енесінен шет елде тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп жүргенін айтады», – делінген жазбада.

 14 маусым күні жоғалған азаматшаның ағасы Қанат Сайлыбаев Германияға ұшу үшін әлі виза ала алмай жатқанын мәлімдеді.  Ол қарындасының хабар-ошарсыз кеткеніне он күннен асқанын, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Германия Сыртқы істер министрлігіне визалық қолдау көрсетуді сұрап, үш ресми өтініш жолдағанын айтты. Алайда неміс билігінен жауап болмаған.

Podslushano.de Instagram парақшасында тараған ақпаратқа сүйенсек, Айгүл Сайлыбаева 35 Tannbergstraße, Bensheim мекенжайындағы үйінен шығып кеткен. Содан бері одан хабар-ошар жоқ.