«Жасанды интеллект көпіршігі» қашан жарылады, Украинаға дефолт қаупі төнді, Қытай экономикасының бәсеңдеуі
Қытайдағы өнеркәсіптік өндіріс өсімі бәсеңдеді, Украина 1 тамызда дефолт жариялауы мүмкін, Citi басқа аналитиктердің ізімен АҚШ акциялары бойынша болжамын жоғарылатты, ал Capital Economics компаниясы жасанды интеллект саласындағы «көпіршік» 18 ай ішінде жарылып кетуі мүмкін деп есептейді. Осы және басқа да тақырыптар туралы толығырақ 17 маусымдағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.
Capital Economics: жасанды интеллект «көпіршігінің» жарылуы АҚШ қор нарығының өсуін тоқтатады
MarketWatch Capital Economics жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы ралли ақырында «ЖИ көпіршігінің жарылуымен» аяқталады деп айтқанын жазды. Сөйтіп АҚШ қор нарығының өсуі де тоқтайды.
Capital Economics бас экономисі Нил Ширингтің пікірінше, келесі 18 айда АҚШ-тағы акциялар әлемнің қалған бөлігіндегі акцияларға қарағанда тез өсе бермек. Бірақ содан кейін ралли тоқтайды.
2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысынан кейін, АҚШ акцияларының көрсеткіштері әлемнің өзге елдерінің көрсеткіштерінен әлдеқайда асып түсті. FactSet мәліметі бойынша, MSCI USA PBUS индексі соңғы 16 жылда 300%-дан астамға, ал MSCI World ex USA ACWX индексі сол кезеңде небәрі 57,6%-ға өскен.
Ширингтің айтуынша, «ЖИ көпіршігі жарылғаннан» кейін, АҚШ акцияларының табыстылығы әлемнің басқа елдерінің акцияларынікіндей болады. Алайда ЖИ секторындағы құлдыраудың АҚШ нарығына әсері ұзаққа бармайды. Мысалы, 2000 жылдардың басындағы «дотком көпіршігінің жарылуынан» АҚШ-тың экономикалық үстемдігі былқ еткен жоқ.
Экономистің пікірінше, жалпы алғанда, елдің экономикасы «иррационалдық ажиотаж» кезеңіне төтеп береді.
Citi басқа аналитиктердің ізімен АҚШ акциялары бойынша болжамын жоғарылатты
Нил Ширингке қарағанда, Citigroup компаниясының өкілі Скотт Хронерттің болжамы жағымды. Bloomberg-тің жазуынша, бұл сарапшы америкалық технологиялық алыптардың акцияларының өсуі S&P 500 индексін жаңа шыңдарға көтерілуге итермелей бермек деп есептейді. Хронерт 2024 жылдың соңына қарай базалық сценарий бойынша болжамын 5100-ден 5600-ге дейін көтерді.
Стратегтің пікірінше, «Керемет жетілік» акцияларының өсуі мен пайдасының одан әрі артуына деген үміт акцияларға әсер етпек. «Капитализациясы жоғары компаниялар тобының өсім қарқынының индекс динамикасына деген ықпалын үлкен етеді», — деп атап өткен Хронерт клиенттеріне арналған жазбасында.
Citigroup өз болжамын жоғарылатқан үшінші компания болып, Goldman Sachs және Evercore ISI компаниялары қатарына қосылды. Бұл институттар индекске қатысты ең оптимистік көзқараста, бірақ орташа болжам төмендейді деп отыр.
Қытайдағы өнеркәсіптік өндірістің өсу қарқыны бәсеңдеді
Кеше Қытайда мамыр айындағы өнеркәсіптік өндіріс көрсеткіштері жарияланды деп хабарлайды Bloomberg. Көрсеткіштер өсімі баяулап, сарапшылардың болжамдары ақталмады.
Мемлекеттік статистика басқармасының (МСБ) мәліметтеріне сай, мамыр айында өнеркәсіптік өндіріс өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,6%-ға өсті. Сәуір айында өсу қарқыны 6,7% еді. Сәуір айында бөлшек сауда 2,3%-ға өссе, мамыр айында 3,7%-ға өскен.
Алайда көңіл көншітпейтін көрсеткіштер де бар, әсіресе, жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдай мәз емес. Бұл секторда қордаланған мәселелер елдің экономикалық өсуін тежейді. Мамыр айында жылжымайтын мүлікке салынған инвестициялар 10,1%-ға азайған.
Өткен айдың соңында Қытай тұрғын үй сату саласын қолдауға бағытталған кең ауқымды шаралар пакетін жариялаған. Себебі несие дағдарысы елдің ең ірі құрылыс компанияларына әсер етпей қоймады. Үкімет ипотекалық несиелендіру ережелерін жеңілдетіп, жергілікті билік органдарын өтпей қалған үйлерді сатып алуға ынталандырды. Инвесторлар мен сарапшылардың пайымынша, қаржылық ынталандыру шаралары жеткіліксіз. Осы ретте бірнеше қалада іске асатын сынақ бағдарламаларының әсері мардымсыз болмақ.
Ішкі сұраныс азайып, сыртқы сауда конъюнктурасы нашарлап бара жатқан шақта бизнес те болашаққа сеніммен қарай алмайды. Қытай компанияларының көбі инвестиция көлемін қысқартып, өндірісті басқа елдерге көшіруде.
Украина 1 тамызда дефолт жариялауы мүмкін
Bloomberg-тің хабарлауынша, Украина 1 тамызда мемлекеттік облигациялар бойынша төлемдер жасауы керек. Дәл осы күні ел Ресеймен арадағы әскери қақтығысқа байланысты жариялаған мораторий мерзімі аяқталады. Елдің 20 млрд доллар көлеміндегі мемлекеттік қарызын қайта құрылымдау жөніндегі келіссөздерге қатысқандар мәмілеге келмеді – несие берушілер Киевтің ұсыныстарын қабыл алмады.
Атап айтқанда, Украина айналымдағы облигацияларды 2040 жылға дейін өтеу мерзімі бар және алғашқы 18 ай ішінде 1%-дан басталып, кейін 6%-ға дейін біртіндеп өсетін пайыздық төлемдері бар жаңа сериялы облигацияларға айырбастауды ұсынған. Сонымен қатар үкімет инвесторларға «мемлекеттік резервтік құрал» ұсынған. Оған сай төлемдер 2027 жылдан кейін ғана басталып, ХВҚ белгілеген салық түсімдерінің мақсатты көрсеткіштеріне байланысты болмақ.
Украинаға несие бергендер арасында Amundi, BlackRock және Amia Capital бар.
Қысқаша
Еуропарламент сайлауына байланысты оқиғалардан кейін, еуропалық акциялар қалпына келе бастады. Банктер мен технологиялар саласы қызметінің қалпына келуі өсімге итермелеп жатыр деп жазады Reuters. STOXX 600 индексі 0,1%-ға өсті. Аймақтағы ірі биржалардың көбісінің көрсеткіші бір күн ішінде өсті. Ал француз CAC 40 индикаторы өткен аптадағы 6%-дан астам құлдыраудан кейін 0,9%-ға көтерілді. GameStop видео ойындар ритейлерінің акциялары жылдық акционерлер жиналысынан кейін 12%-ға төмендеді. Yahoo Finance мәліметінше, компанияның болашақта пайдасын арттыру стратегиясы туралы мәліметі аз презентациясы инвесторлардың көңілінен шықпады. GameStop жақында болған қысқамерзімді раллиде 3 миллиард доллардан астам табыс тапқан. Бірақ бұл танымал «арандатушы трейдер» Кит Гилл салған твиттердің арқасында ғана келген жетістік екен.