Жаңалықтар

Berkshire тоғыз күн қатарынан Occidental Petroleum компаниясының акцияларын сатып алуда

Баффет Occidental акциясының бір данасын 60 доллардан арзанға сатып алуда / Фото: Shutterstock

Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway инвестициялық компаниясы өткен аптаның соңында, осы аптаның басында америкалық Occidental Petroleum сланец (тақтатас) мұнайын өндіруші компаниясының акцияларын сатып алды. Маусым айында энергетикалық компания акцияларының арзандауы аты аңызға айналған инвесторға Occidental қағаздарын көктемгі ең қымбат бағадан айтарлықтай арзанға сатып алуға мүмкіндік беріп отыр.

Толығырақ

13 маусым мен 17 маусым аралығында Berkshire компаниясы Occidental-дың 2,95 миллион акциясын сатып алды. Инвесткомпания бұл акцияларға, шамамен, 176 миллион доллар төлеген деп жазады Reuters SEC материалдарына сілтеме жасап.

Berkshire тоғыз жұмыс күні бойы Occidental акцияларын сатып алып жатыр. Маусым айының басынан бері инвесткомпания мұнай компаниясының 5,5 миллион акциясын сатып алған. Соңғы жасалған мәмілелерді ескерсек, Berkshire-ге қазір Occidental-дың шамамен 255,3 миллион қарапайым акциясы, яғни жарғылық капиталының шамамен 29%-ы тиесілі.

Сондай-ақ Berkshire Occidental мұнай компаниясының жалпы құны шамамен 8,5 миллиард доллар болатын 8% артықшылықты акцияларына және шамамен 84 миллион қарапайым акциясын (бір қағазды 60 доллардан арзанға) сатып алу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Бұған не түрткі болды?

Баффет энергетикалық компаниялар акцияларының қазіргі құны түскенін пайдаланып отыр деп есептейді Barron’s. Басылымның бағалауынша, Berkshire Occidental акцияларын негізінен бір қағазға 50−60 доллар диапазонындағы «ең арзанынан орташасына дейінгі» бағамен сатып алған. Маусым айында Berkshire мұнай алпауытының акцияларын бір қағазға 60 доллар немесе одан төмен бағамен сатып алуда. Бұл биылғы жылдың ең қымбат бағасынан айтарлықтай төмен – сәуір айында бір акция құны 71 доллардан асқан.

Контекст

Berkshire 2022 жылдың ақпан айында Occidental акцияларын сатып ала бастаған. Оның бұл әрекеті, шамамен, Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыстың басталған кезімен тұспа-тұс келді деп жазады Reuters. Ақпарат агенттігі Баффеттің Occidental компаниясының бас директоры Вики Холлубпен жақсы таныс екенін атап өтті. Occidental 2019 жылы Anadarko Petroleum-ды сатып алғаннан бері, Холлуб компания қарыздарын азайтып, акционерлерге ақша қайтаруға ден қойған.

Биыл маусым айында Occidental мен Berkshire энергетикалық бөлімшесінің еншілес компаниясы BHE Renewables геотермалды сұйықтықтан аккумуляторлық литий өндіру үшін бірлескен кәсіпорын құратынын жариялады. BHE Renewables Калифорниядағы Импириал алқабында он геотермалды электр станциясын басқарады, онда құрамында литий бар суды өңдеп, электр энергиясын өндіреді.

Occidental мен Chevron – Berkshire-дің энергетика секторындағы ең ірі инвестициясы болып саналады. Berkshire 2022 жылы АҚШ реттеуші органдарынан Occidental акцияларының 50%-на дейін сатып алуға рұқсат алды. Дегенмен Баффет осы компаниядағы үлесін бақылаушы деңгейіне дейін жеткізуді көздемейтінін айтты.