Wedbush 2025 жылы құны 4 триллион долларға жетуі мүмкін үш компанияны атады
Сарапшылардың пікірінше, келесі жылы Microsoft, Apple және Nvidia жасанды интеллект (ЖИ) танымалдығының артуы арқасында нарықтық капитализациясын 4 триллион долларға жеткізу жолында бәсекелеседі. Wedbush клиенттеріне арналған жазбасында аталған компаниялардың капитализациясының өсетініне дәлелдер келтірген деп жазады Investing.com.
Толығырақ
Wedbush 2025 жылы Microsoft, Apple және Nvidia компанияларының капитализациясы ЖИ технологияларының танымалдығының артуына байланысты 4 триллион долларға жетуі мүмкін деп есептейді. Қазір Microsoft-тың капитализациясы 3,29 триллион, Apple-дікі 3,26 триллион, ал Nvidia-нікі 3,24 триллион доллар.
Microsoft алдағы жылдары бизнес сегментте жаңа мүмкіндіктер беретін ЖИ құралы – Copilot-ты іске қосу арқылы корпоративтік пайдаланушылар базасын монетизациялай алады.
Сарапшылар Apple iPhone сатылымдарының «суперциклі» болады деп болжап отыр. Бұған компания өткен аптада таныстырған ЖИ негізіндегі Apple Intelligence жүйесі септігін тигізбек.
Nvidia-ға келетін болсақ, Wedbush оның ЖИ-ды дамытуға арналған чиптері «технологиялық сектордағы жаңа алтын немесе мұнайға» барабар деп санайды, өйткені бұл салада жаңа технологияны қолданатын компания көп, ал чип тапшы.
Wedbush ЖИ технологияларының өріс алуы кейбір технологиялық акцияның қысқа мерзімде сатылу циклдерін бұзуы мүмкін дейді. Бірақ кейін технологиялық саладағы «жаңа өнеркәсіптік революцияға» жұмсалатын шығындардың «үлкен» толқыны келеді. Жалпы, бұл үрдіс 2025 жылы нарықтағы кең ауқымды раллиге сеп болуы ықтимал.
«Қысқа қайырғанда, біз бұл технологиялар нарығының әлеуеті бар деп санаймыз. Ол алдағы 12–18 ай ішінде бағдарламалық құралдардың қалған бөлігін, тұтынушы технологияларын, киберқауіпсіздік, жартылай өткізгіштер мен инфрақұрылымды қамтымақ», – делінген Investing.com келтірген Wedbush жазбасында.
Сарапшылардың ұсынысы
Жыл басынан бері Microsoft акциялары 19%-ға өсті. MarketWatch мәліметі бойынша, компания акцияларына қатысты Уолл-стриттің консенсустық болжамы $485,82 болып тұр, яғни 8,3%-ға өсу ықтималдығын білдіреді. Microsoft акцияларын қадағалайтын 58 сарапшының 55-і сатып алуға, ал үшеуі ұстап отыруға шақырады.
Apple акциялары жыл басынан бері 12,5%-ға қымбаттады. MarketWatch мәліметіне сай, компания акцияларының консенсустық мақсатты бағасы $204,89, бұл дүйсенбі, 17 маусымдағы сауда жабылғандағы бағадан 5,4%-ға төмен. Apple акцияларын қадағалайтын 49 сарапшының 32-сі оларды сатып алуға, 14-і ұстап отыруға, ал үшеуі сатуға үндейді.
Nvidia акциялары қаңтардан бастап 164,5%-ға қымбаттады. Компания акцияларының консенсустық мақсатты бағасы $123,63, бұл дүйсенбі, 17 маусымдағы сауда-саттық жабылғандағы бағадан 5,6%-ға төмен. MarketWatch мәліметі бойынша, компания акцияларын қадағалайтын 61 сарапшының 54-і сатып алуды, ал қалғандары ұстап отыруды жөн санайды.
Күтпеген жерден топ жарған
MarketWatch сарапшысы Марк Халберттің пікірінше, 4 триллион доллар нарықтық капитализацияға бірінші болып жететін компанияны инвесторлар қазір білмеуі де мүмкін. Осы ретте 3 триллион доллар межесіне жету жолындағы жарысты мысал ретінде қарастыруға болады. 2021 жылдың 30 маусымында Apple-дің нарықтық капитализациясы 2,28 триллион доллар болып, осы компания рейтинг бастап тұрған. Екінші орында Microsoft (капитализациясы 2,04 триллион доллар), ал үшінші орында Amazon (1,73 триллион доллар) тұрған. Сол кезде ойындар мен майнингке арналған видеокарталарды өндіруші Nvidia-ның нарықтық капитализациясы 498 миллиард доллар еді. Үш жылдан кейін ЖИ-ге арналған чип шығарған Nvidia-ның нарықтық капитализациясы Apple-дікінен асып түседі деп ешкім болжамаған.
Халберттің есептеулері бойынша, Alphabet, Amazon, Berkshire Hathaway, Broadcom, Eli Lilly, Meta Platforms, Tesla және Visa компанияларының табыстылығы соңғы үш жылдағыдай өсе берсе, онда 2027 жылға қарай бұлардың капитализациясы 4 триллион долларға жетпек. «Осы компаниялардың кез келгені Nvidia сияқты нарықтық капитализация рейтингінің шыңына шықса, ешкім таңғалмас еді», – дейді Халберт.