Freedom Telecom ұялы операторы еліміздің шығысы мен батысын байланыстыратын ұлттық деректер тарату желісіне инвестиция салмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында компания басшысы Қайрат Ахметов мәлімдеді.
«Сіздердің назарларыңызға Қытай, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Түркия және Еуропаны байланыстыратын бірегей үздіксіз телекоммуникациялық дәліз құруға бағытталған жаңа бағыт жобасын ұсынамын. Жаңа бағыт – балама бағыт қана емес, заманауи телекоммуникациялық инфрақұрылымды құрудың, деректерді берудің жоғары жылдамдығы мен сенімділігін қамтамасыз етудің негізі болады», – деді Қайрат Ахметов.
Жаңа бағыт аясында компания Қазақстанда екі бастаманы жүзеге асыруды ұсынып отыр.
Біріншіден, «Батыс Еуропа – Оңтүстік-Шығыс Азия» жаһандық көлік желісінің баламасы ретінде трафикті тасымалдау үшін деректерді беру гипермагистралін құру. Жобаның құны 17,1 млрд теңгеге бағаланған, 2025 жыл соңына қарай аяқталмақ.
Екіншіден, транзиттік және халықаралық трафикті сақтау үшін кем дегенде III деңгейлі қос дерек өңдеу орталығын салу. Дата-орталықтарын Қонаев маңындағы жаңа G4 City аумағында, сондай-ақ Ақтауда орналастыру жоспарланған. Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, жалпы инвестиция көлемі 90 млрд теңгені құрайды. Жоба 2027 жылдың желтоқсанына дейін жүзеге асырылады.
Сонымен қатар Каспий теңізінің түбімен ұзындығы 370 км оптика төселмек, «Қазақтелеком» АҚ мен «Әзіртелеком» ЖШҚ арасында бірлескен кәсіпорын құрылып, су асты ТОБЖ жобалау және төсеу үшін мердігерді таңдау яқталған. Екі ел компанияларының инвестициясы 23 миллиард теңгеден асады.
Осы шараларды іске асыру халықаралық деректер транзитінің баламалы бағытын және BigTech компанияларын (Google, Amazon, Microsoft) нарыққа тартуды қамтамасыз етеді.