Жаңалықтар

Микроқаржы ұйымдарының несие портфелі кейінгі үш жарым жылда 3 есе өскен

МҚҰ несие портфелі өскен. Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов.

Қазақстанда жалпы саны 228 микроқаржы ұйымы тіркелген. Кейінгі уақытта елімізде шағын несие, жылдам қарыз нарығы өсіп келе жатқаны байқалады. Соңғы 3 жылда МҚҰ-ның несие порфелі 3 еседей өсіп, 2023 жылы жаңадан 40 микроқаржы ұйымы ашылған.

2024 жылдың 1 сәуіріндегі жағдайы бойынша, олардың жалпы активі 1,44 трлн теңгеден асып жығылады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің есебіне сүйенсек, жыл басында бұл көрсеткіш 1,38 трлн теңгені құраған.

Микроқаржы ұйымдарының жалпы активінің 78 пайызын, яғни 1,13 трлн теңгесін клиенттерге берілген микроқарыз (несие портфелі) құрайды. Қалған 22 пайызына ақшалай қаражат және ақшалай қаражаттың баламалары (4%) дебиторлық берешек (3%), орналастырылған салымдар (7%) негізгі қаражат және материалдық емес активтер (2%) және басқа активтер (6%) кіреді.

2021 жылдың басында микроқаржы ұйымдарының несие портфелі 420 млн теңгені құраған. Яғни осы кезде халық микроқаржы ұйымдарына 420 млрд теңге қарыз болған. Ал 2024 жылдың сәуіріне бұл көрсеткіш 1,13 трлн теңгеге жеткен. Осы несие порфелінің 8,4 пайызы – төлемі 90 күннен кешіктірілген қарыз.

Микроқаржы ұйымдарының жиынтық міндеттемесі 1 трлн теңгеден асады. Оның 71,5 пайызы – алынған қарыздар.

МҚҰ таза пайдасы 2023 жылдың сәйке кезеңімен салыстырғанда 15,2 пайыз артып, 183 млрд теңгеге жеткен. Ал жыл басынан бері 28 млрд теңге таза пайда алған.

Жыл басында микроқаржы секторының нарығында жалпы 966 субъекті қызмет еткен. Оның ішінде 521 ломбард, 231 микроқаржы ұйымы және 214 кредиттік серіктестік бар. 2023 жылы 44 МҚҰ, 42 ломбард және 2 кредиттік серіктестік өз қызметін тоқтатты. Есесіне 57 ұйымға: 40 МҚҰ, 15 ломбард және 2 кредиттік серіктестікке лицензия берілген.

Жақында кореялық BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымы банкке айналатыны белгілі болды. Ұлттық банк мәліметі бойынша, аталмыш микроқаржы ұйымының активтері 20 миллиард теңгеден асады. 228 МҚҰ арасында 13-орында тұр. Оның несие портфелі 18,8 млрд теңгені құраса, меншікті капиталы 7,3 млрд теңгеге тең. Микроқаржы ұйымының міндеттемелері 12,9 млрд теңгеге жеткен.