НАТО елдері 2024 жылы қорғаныс шығынын 18 пайызға арттырмақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
әскери тәуелділігін
Еуропа елдерінің қорғаныс шығыны артты / Фото: shutterstock

НАТО құрамына кіретін 32 елдің 23-і қорғаныс шығынын жалпы ішкі өнімінің 2%-ына дейін жеткізген. Ал 2024 жылы альянстың жалпы әскери шығыны өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға артады. Бұл туралы НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг АҚШ президенті Джо Байденмен кездесуінде айтқан.

«Еуропа елдері мен Канада сынды НАТО-дағы одақтастарымыз биыл қорғаныс шығынын 18%-ға ұлғайтып отыр. Бұл ондаған жылдардағы ең үлкен өсім», – деді Столтенберг.

Оның айтуынша, 23 одақтас ел 2024 жылы қорғаныс шығынын арттырмақ.

«Бұл еуропалық одақтастар мен Канаданың, шын мәнінде, күшейіп, НАТО одағындағы барлығымызды қорғау үшін ортақ жауапкершілікті өз үлесіне алып жатқанын көрсетеді», – деді ол.

Йенс Столтенберг былтыр 31 елдің 11-і ғана қаржы міндеттемелерін орындағанын айтты.

НАТО-ға мүше барлық мемлекет жыл сайын соғыс дайындығын қамтамасыз ету және кез келген ықтимал шабуылдарға қарсы тұру мақсатында қорғаныс саласына жалпы ішкі өнімнің 2 %-нан аз емес көлемде қаржы жұмсауға міндетті. Бұл – нақты талап емес, бірақ жиырма жылдан бері құзіретін жоймай келе жатқан дағдылы тәртіп. Қорғанысқа бағытталатын шығындардың минималды шегін ЖІӨ-нің 2 %-ы деңгейінде белгілеу туралы сонау 2006 жылы айтылып бекітілген. Алайда бұл мәселе тек 2023 жылдың 11 шілдесінде ғана Вильнюстегі саммитте мақұлданды. Қаражат негізінен жаңа қару-жарақ пен әскери техника сатып алуға, ғылыми зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуге жұмсалуы тиіс.

НАТО мәліметі бойынша, 2023 жылы Америка Құрама Штаттары және Ресеймен шектесетін Польша мен Балтық елдері сынды елдер альянстың өзге мүшелерімен салыстырғанда, ұлттық табысының ең көп бөлігін қорғанысқа жұмсаған.

Солтүстік шекарасы ресейлік Калининград эксклавымен түйісіп жатқан және оңтүстік-шығысының басым бөлігі Украинамен шектесетін Польша былтыр ЖІӨ-нің көп бөлігін қорғаныс (3,9 %-ын) саласына жіберіпті. Бұл тұрғыда Еуроодақтың бірде-бір елі поляктармен теңдесе алмайды.

Екінші орында 3,49 %-дық көрсеткішпен АҚШ орналасқан. Бірақ жалпы сандарда АҚШ-тың 860 млрд долларлық қорғаныс бюджеті барлық басқа НАТО одақтастарының бюджетінен екі есе көп екенін де айтып өтелік. Өз ЖІӨ-сінің 2 пайыздан көбін қорғаныс саласына жұмсаған НАТО-ға мүше-мемлекеттері арасында Грекия (3,01 %), Эстония (2,73 %), Литва (2,54 %), Финляндия (2,45 %), Румыния (2,44 %), Венгрия (2,43 %), Латвия (2,27 %), Ұлыбритания (2,07 %) және Словакия (2,03 %) бар.

Сондай-ақ оқыңыз