Қатарлық компания «Мобайл-Телеком сервисін» «Қазақтелекомнан» 1 млрд долларға сатып алады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қатарлық компания МТС-ті 1 млрд долларға сатып алады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Қатардың Power International Holding компаниясы «Мобайл-Телеком сервисін» сатып алу үшін «Қазақтелекомға» шамамен 1 млрд доллар төлейді. Бұл туралы Үкімет баспасөз алаңында Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсіп министрі Жаслан Мәдиев айтты.

Министрдің сөзінше, келісімге сәйкес, қатарлық компания базалық инфрақұрылымға инвестиция салуы тиіс.

«Бұл мәміле бәсекелестікті күшейтеді деп сенеміз. Бәсекелестік, өздеріңіз білетіндей, сапаның артуына алып келеді», – деп атап өтті министр.

Сонымен қатар министр базалық операторлар 5G желісін қалыптастыру үшін 5 жыл ішінде кемінде 1 млрд доллар инвестиция салатынын айтты.

Мәдиевтің сөзінше, катарлық инвестордың МТС сатып алуы Қазақстан арқылы өңірлік нарыққа шығудың стратегиялық жолы болады.

«Қазақстан көптеген бағыт бойынша өңірдегі технологиялық хабқа айналды. Сондықтан өңірге жаңа инвестордың Қазақстан арқылы келуі бәріміз үшін жақсы өзгеріс нышаны», – деп атап өтті Мәдиев.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақтелеком» компаниялар тобына кіретін операторлардың бірін сату туралы әңгіме Қазақстанда көптен бері айтылып келеді. Кейін компания жыл соңына дейін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні (Tele 2 және Altel брендтері) сататыны белгілі болды

Қазіргі уақытта – «Қазақтелеком» компаниясы «Мобайл Телеком Сервисінің» жалғыз акционері. Сондай-ақ мемлекеттік холдингке Kcell акцияларының 51%-ы тиесілі.

Кейін Қатардың Power International Holding холдингі Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істейтін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні сатып алуды жоспарлап отырғаны белгілі болды. 

Power International Holding – бұл экономиканың түрлі секторларын қамтитын Қатар конгломераты. Компанияда 65 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді, әлем бойынша 1000-ға жуық түрлі жобалар іске асырылуда. Мәселен, 2022 жылдың қазан айында Қатар Әмірінің Қазақстанға ресми сапары аясында холдинг Астанада құны 300 миллион долларға жуық ірі халықаралық медициналық кешен салу туралы Меморандумға қол қойған болатын. 

Сондай-ақ оқыңыз